ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын іске асыруды ұсынды, деп жазады Бақ.кз.
«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», – деп жазды Елбасы.
Мемлекет басшысы мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет деп атап көрсетті. Сондай-ақ, бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланып, осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартудың жөн екенін айтты.
«Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ, шет елдегілер де білетін болады», – делінген Елбасының мақаласында.