Балаларының мектеп автобусына кешігіп қалғанының арқасында әкесі аяқ астынан байлыққа кенелді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

АҚШ-тың Балтимор қаласының тұрғыны мектеп автобусына кешігіп қалған балаларының арқасында лотереяда ұтысқа ие болды. Бұл туралы UPI порталына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Кевин Фенвик күн сайын бір дүкеннен лотерея билеттерін сатып алып жүрген. Алайда бір күні балалары мектеп автобусына кешігіп қалғандықтан, оған әдетін өзгертуге тура келіпті. Әкесі балаларын көлігімен мектепке жеткізіп салып, артынша басқа бағыт бойынша жұмысқа кеткен. Жол бойы ол қай дүкеннен лотерея билетін сатып алуға болатынын қарап келе жатқан.

Мұнан кейін Фенвик дүкендердің біріне кіріп, ол жерден 5 долларға (1 500 теңгеден аса) билет сатып алыпты. Артынша 50 мың доллар (18 млн теңгеден аса) ұтып алған.

«Өз көзіме сене алмадым. Орнымнан тұрып, әрлі-берлі жүріп, мұнан кейін қайта отырып, билетке қарадым. Алайда 50 мың доллар деген жазу «ешқайда жоғалып кеткен жоқ», – дейді ол.

Ер адам бірден әйеліне қоңырау шалып, қуанышымен бөліскен. Бастапқыда әйелі оған сенбей қойыпты. Себебі бұған дейін Фенвик лотереядан ұтқаны туралы бірер рет өтірік айтқан екен.

«Біздің атқаруымыз керек бірнеше маңызды ісіміз бар. Оларды бастап, қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтатып қойған едік. Ендігі оларды соңына жеткізіп, басқа істерді қолға ала аламыз», – дейді Фенвик.


Новости партнеров