|
16.12.2018 | 15:56
12901

Шетелдіктер пікірі: Қазақ жері – бейбітшілік пен татулық мекені

Шетелдіктер пікірі: Қазақ жері – бейбітшілік пен татулық мекені

«Қазақ жері – бейбітшілік пен татулық мекені. Елімізде тұрып жатқан шетелдіктердің ойы осындай. Олардың бірі білім алып жатса, бірі ғылыммен айналысып, шәкірт тәрбиелеуде, ал тағы бірі кәсібін дөңгелетіп отыр.

Дхавал Джоши – Қазақстанға білім қуып келген жастардың бірі. Бүгінде еліміздің мәдениетін зерттеп, тілін де үйреніп жүр. Әзірге білетін сөздері осы. Ол С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқиды. Үндістанның Удайпур қаласында қазақстандық дипломы бар азаматтар жоғары бағаланады дейді. Одан бөлек, туризм мен Қазақстан тарихына қызығушылық танытатындар мол екенін алға тартады.

«Қазақстан – табиғаты өте әсем мемлекет. Алматының сұлулығы да тамсандырады. Мен Қазақстан туралы интернет арқылы білдім. Алғашқы 3 ай біраз қиналдым. Тілі де басқа. Ауа райы да басқа. Қазір барлық таныстарыма, достарыма Қазақстан туралы айтып, оларды Алматыға шақырып жүрмін», – деді студент Дхавал ДЖОШИ.

Дхавалға достары Наурызбай деген лақап ат берген. Ол 22 наурызда дүниеге келіпті. Қазір оның сабағы бітіп, демалыста жүр. Осыған байланысты Үндістанға туған-туыстарына барып қайтпақ. Қазақстаннан сыйлық ретінде әкесіне шапан сатып алуды жөн санаған.

Йылмаз Кесен Қазақстанға құрылыс маманы ретінде шақыртылған. Қазақстанға келгелі 20 жыл уақыт өтіпті. Қазіргі таңда ол елімізде өз бизнесін ашып, ірі компанияны басқарып отыр. Кәсіпкер қонақ үй, асхана және тамақтану орындарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп отырады.

«Түркияның адам ең көп шоғырланған Стамбұл қаласынан келдім. Алматыға келген соң оның сұлу табиғаты мен әсемдігіне ғашық болдым. Сол сәтте «бұдан кейінгі саналы ғұмырымды ата-бабамыздың негізгі бесігі – Қазақстанда өткізіп, осы елде жұмыс істеймін» деп шешім қабылдадым», – дейді кәсіпкер Йылмаз КЕСЕН.

Ол сондай-ақ, Тәуелсіз тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер одағының төрағасы. Аталған одақтың 85 елде 216 өкілдігі бар. Одақ әлем бойынша 1 миллион 600 мың адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

«Қазақстан көптеген жаңашыл реформаларының арқасында жақсы дамыды. Бұл дамуға, өзгерістерге тек мемлекеттің басшылығы ғана емес, қарапайым халық та өз үлесін қосып отыр. Бірлігі жарасқан формада өте көп деңгейлерге жетті. Инвесторлар үшін Қазақстанда барлық қолайлы жағдай жасалған. Жыл санап мұнда кәсібін ашамын деген бизнесмендер қатары артып келеді», – дейді Йылмаз КЕСЕН.

Ал польшалық Славомир NARХОZ бизнес-мектебінің студенттеріне дәріс береді. Оны қазақ жеріне досы шақырыпты. Қазір тәлімгерлерге туризм, корпоративтік, халықаралық мәдениет және бизнес-коммуникацияның қыр-сырын үйретіп жүр.

«Мені қазақстандық студенттердің білімге құштарлығы, тілді білуге деген қызығушылығы қуантады. Сондай-ақ олар өз білімдерін Америка, Еуропа және Азия елдерінде халықаралық бағдарлама бойынша жетілдіріп жүр. Менің ойымша, мұндай білікті мамандар ең алдымен өз елі үшін керек. Мен жастардың батылырақ, өз ойын еркін білдеретін болғанын қалаймын», – деді Narхоz бизнес-мектебінің оқытушысы Славомир ВРОБЛЕВСКИЙ.

Тәуелсіз Қазақстан бүгінде өзін татулық пен келісімнің мекені ретінде дәлелдеп, бейбіт өмірдің бесігіне айналды. Бүгінде егемен еліміз әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатқан. Елі мен жері тыныш мемлекетке шетелдіктердің көп бет бұратыны белгілі дүние.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир