|
16.12.2018 | 16:27
3067

Тәуелсіздік мерекесі: Алматыда әйгілі скрипкашының концерті өтеді

Тәуелсіздік мерекесі: Алматыда әйгілі скрипкашының концерті өтеді

Бүгін Алматыда әлемге танымал скрипкашы Марат Бисенғалиевтің концерті өтеді. «MR.ADAM» атты шоуда жоғары технологияның көмегімен өнер әлемінде ерекше көрсетілімдер қойылмақ. Қазір қазақ атын әлемге танытып жүрген Марат Бисенғалиев пен оның командасы соңғы дайындықтарын жүргізіп жатыр.

Республика сарайында кешкі сағат 19.30-да басталатын үлкен концертке бірнеше сағат қалғанына қарамастан, әртістер қызу дайындық үстінде. Скрипка өнерінің асқан шебері Марат Бисенғалиевтің «MR.ADAM» атты шоуы келген көрерменнің бәрін таңғалдырады деп жоспарланған. Өйткені, шығармашылық ұжымның жоспарына сәйкес, скрипка мен симфониялық оркестрдің өзара үндесе орындалуы, жоғары технологиялық тұрғыдағы құрылымдар, 3D экраны, сыйқырлы да сазды аспаптардың кәсіби орындалуы, визуалды шешімдер, сахнада түрлі конфигурацияларға айналдырылатын жылжымалы мөлдір панельдер әртүрлі суреттердің пайда болуына әкеледі. Скрипкашы өз ойымен бөлісіп, шоудағы қойылымдардың оңайлықпен дүниеге келмегенін айтты.

«Соңғы қойылымға келер болсам, бастапқыда түрлі идеяларды қарастырып көрдім. Ақыры өмір циклі туралы ойланғым келді. Концерттің режиссері – өзінің батыл тәжірибелерімен танымал, көптеген еуропалық өнер ордаларына белгілі орыс сценарисі Василий Бархатов. Оның театр мен сахнадаға ерекше технологияны ойлап табуы туралы білімі ХХІ ғасырдың шынайы серпіліс шоуын жасауға мүмкіндік берді», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марат БИСЕНҒАЛИЕВ.

Марат Бисенғалиевтің бүгінгі концертінде музыка әлемінде әлемге танымал әртістер, халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдердің жүлдегерлері көрерменге жоғары көңіл күй сыйламақ. Шоу неліктен «MR. ADAM» деп аталған деген сауалға келсек, оркестр аудиторияға жаңа музыкалық композицияны ойнап, белгілі бір адамның өмірі туралы әңгімелейді. Ол «Мистер мырзаның» ұжымдық бейнесі. Оқиғалар көпқырлылығы 16 эпизодты сипаттайды. Концерттегі композициялардың басым көпшілігін дүниежүзілік музыка мұрасына еңбегі сіңген британдық композитор Карл Дженкинс жазған. Айтпақшы, шоуда симфония, скрипкалардан басқа дауылпаз, қылқобыз, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз сынды қазақтың халық аспаптары арқылы да көрерменді шабыттандыратын өнер көрсетілмек.


Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

Прямой эфир