Қыркүйекте Алматыда 16 мың интеллектуалды камера іске қосылады. Бейнебақылаудың осындай тиімді тәсілін полицейлер алдымен Алмалы ауданында сынақтан өткізді. Пилотты жоба нәтижелі шыққан соң, енді бүкіл қаланы қамтымақ.
Жақында Алматыдағы әрбір аудандық ішкі істер басқармаларының аумағындағы аулалардағы тәртіпті кезекші полицей монитор арқылы бақылайды. Жуық арада ол үшін қосымша камералар орнатылса, қазір істеп тұрғандары интеллектуальды жүйеге қосылады. Бұл бір мезетте сапалы кадрды онлайн режимде алуға және күдік тудырған сезіктінің әрекетін полиция бөліміндегі жедел басқару орталығы арқылы бақылауға мүмкіндік береді.
Ақылды жүйенің мүмкіндігін бір жыл бұрын Алмалы ауданының полицейлері алғашқы болып түсінген. Пилотты жобаға жергілікті Ішкі істер департаментінің 1500-ге жуық камерасы қосылыпты. Айта кетейік, олардың қатарында бұған дейін де орнатылғандары бар. Мамандардың айтуынша, техникалық көмекшінің обьективі қорғалған аймақтағы жаңадан пайда болған өзгерісті бірден сезеді екен.
«Мәселен, адамдар қапшығын немесе сөмкесін бір жерде тастап кетсе, камераның назарын бірден өзіне аударады. Содан кейін бізге ол туралы белгі беріледі. Ол дыбыстық немесе бейне түрінде де болуы мүмкін. Аулалардағы жағдайға келсек, онда камера арқылы белгіленбеген жерге қоқыс тастап, көліктерін қалаған жерге қойып, жолды бөгейтіндерді көруге болады», – деді Алматы қаласы IIД техникалық қызмет басқармасының басшысы Ольга АГАФОНОВА.
Ал бірнеше аптадан кейін смарт жүйе барлық аудандық Ішкі істер басқармаларындағы тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетеді. Сол қаладағы 16 мың камера түсіріп жатқан бейнекадрлар бір мезгілде бір экранға сыйып кетеді. Осылайша, учаскелік инспекторлар де планшет арқылы ауданды толық бақылауда ұстай алады.
«Қазір Ішкі істер департаменті бірнеше жаңа жобаларды қолға алып жатыр. Олар «Сараптама» және «Жолақ» деп аталады. Соңғысы тек автобустарға арналған сызықтардағы жол ережелерін бұзатын жеңіл көліктерді бақылайды. Оған қоса, халық көп жиналатын орындарда тағы мыңға жуық камера орнату көзделіп отыр. Қазір шамамен, ондай жерлерде 500-дей камера күні-түні істеп тұр. Әлеуметтік маңызы бар нысандар: мектептер мен емханаларда да камералар бар», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қазір Алматы тіршілігі 118 мыңнан аса камераның назарында. Оның 93 пайызын жергілікті халық өз қаржысына орнатқан. Ол «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула» секілді бағдарламалар аясында жүзеге асып отыр. Мәселен, Алматыда өткен жылы камералар көмегімен 2500-ден аса қылмыс ашылып, көптеген жол ережелерін бұзу деректері тіркелген.
Жадыра Омаржан, Айбану Анарбаева, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы