Алматыдағы 300-ге жуық жекеменшік балабақша бейнебақылау камераларымен жарақтандырылмаған. Бұл кәсіпкерлер ашқан 600 балабақшаның жартысын құрап отыр. Ал мемлекеттік бөбекжайларда жағдай біршама жақсырақ. Бірақ қосымша камераларды сатып алуға білім басқармасы тиісті өтініштерін дайындап қойыпты. Балалардың қауіпсіздігі қалай шешіліп жатыр?
Алматы қаласындағы бұл балабақшаның аумағы алақанға сыйып кеткендей. Олай дейтініміз, мұндағы әрбір қимыл бейнебақылау камераларының назарына бірден ілігеді. 48 камера жатын бөлмелерде, топтарда, спорт және музыка сабағы кабинеттерінде орнатылған. Бірақ меңгерушінің айтуынша, бұл да жеткіліксіз. Өйткені, бейнебақылау камералары қызметкерлердің тәртібі мен ата-аналармен болатын кей жағдайларды шешуге көмектеседі.
«Сырт жақта 8, іш жақта 24 және балалар ұйықтайтын бөлмелерде 9 бейнекамера орнатылған. 2019 жылы біз бюджетке енгіздік. Енді аула жаққа, көше тұсқа және кіреберіс есіктерге тағы бейнекамералар орнатамыз деп үміттеніп отырмыз», – деді Алматы қаласы №109 балабақшасының меңгерушісі Орынбасар ҚҰРМАНБАЕВА.
Әр бөлмеде бір камера орнатылған. Кейде істен шығып қалады екен. Оларды осыдан бес жыл бұрын орнатқан. Бұған дейін қызмет көрсететін фирма 3 жыл көлемінде тегін жасап беріп келсе, қазір балабақша камералардың қалтқысыз жұмыс істеп тұруы үшін айына 50 мың теңге көлемінде төлеп отыр. Елбасының кезекті жолдауынан кейін балалар қауіпсіздігі үшін ештеңені аяп жатқан жоқ. Ендігі кезек жекеменшік балабақшаларда.
«Біз жекеменшік балабақшалардың бюджетін қарастыра алмаймыз. Бірақ Алматы қаласы Білім басқармасы меңгерушілермен кездесіп, Елбасы жолдауын сол кісілерге жеткізу жұмыстарын жүргізбекпіз. Жекеменшік балабақшаларда да балалар жүретін жерлерде бейнекамералар орнатылуы керек», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Әлия САҒИЕВА.
Алматы қаласында 781 балабақша болса, оның 180-і мемлекеттік, қалған 601-і жекеменшік иелікте. Қалалық білім басқармасы 2019 жылдың басына қарай мектепке дейінгі барлық мекемеде бейнебақылау камерасы мәселесі толықтай шешілетінін жеткізді.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Алматыда тағы екі балабақша өз жұмысын бастайды. Олар Алатау мен Наурызбай ауданында орналасқан. Елбасы жолдауына сәйкес, 2021 жылға дейін мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтылуы керек. Қазіргі жағдай бойынша бұл көрсеткіш мектептерде 80 пайызды, балабақшаларда 58 пайызды құрап отыр.
Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы