Қазақстандық отбасылардың 15%-ы сәби сүйе алмай отыр

Қазақстандық отбасылардың 15%-ы сәби сүйе алмай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде сәби көтере алмай жүрген әйелдердің қатары күннен-күнге артуда. Бүгінде 6 мың әйелге бедеулік диагнозы қойылып отыр. Белсіздік ерлер арасында да кеңінен етек жайған. Осы орайда ақ халаттылар нендей пікір айтып отыр? Қазақстандық отбасылар неліктен нәресте сүйе алмауда? Бедеулік пен белсіздіктің себептері қандай?

Динара әлі күнге дейін өз бақытына сене алар емес. Бұл бақыты осыдан төрт жыл бұрын туылған. «ЭКО-ның» арқасында дүниеге келген Нұрай әбден күдерін үзген отбасыға нұр болып кіріп, айналаны қуаныш пен шаттыққа бөледі. Себебі, 11 жыл бұрын Жанұриндер жанұясына қорқынышты «бедеулік» диагнозы қойылыпты.

«Біз жолдасым екеуіміз жеті жыл бойы әртүрлі дәрігерлерге барып, әртүрлі зерттеулерден өтіп көрдік. Дәрігерлердің айтуынша, екінші бедеулік деген диагнозбен біз бала көтере алмадық. 2014 жылы біз «ЭКО-ның» арқасында осындай бақытқа ие болдық», – дейді Динара ЖАНҰРИНА.

Ерте заманда ата-әжелеріміз білмей келген бедеулік қазір үйреншікті құбылысқа айналды. Баланы дүниеге әкелуге қабілетті қыз-келіншектер неге бұл індеттің шырмауында қалып отыр? 40 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог, бүгінде Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова бұл індеттің бірнеше себебін атады. Солардың бірі – жыныстық қатынасқа ерте бастан түсу дегенді алға тартады.  

«Жастар жыныстық қатынасқа ерте түседі. Инфекция, ерте жүктілік, түсік дегендерден хабарсыз. Сондықтан бұл мәселені мектеп партасынан бастап айтып-түсіндіруіміз қажет», – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.

Ал акушер-гинеколог Ольга Глобенко бедеулікке бүгінгі заманның қым-қуат тірлігі, дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішіп, шылым шегу сияқты зиянды әрекеттер себеп дегенді алға тартады. Бұдан бөлек, салмақтың аздығы мен керісінше, семіздік те, яғни гормоналды фонның бұзылуы ұрпақ сүйе алмау проблемасына әкеп соғады. Айтуынша, оның пациенттерінің 50 пайызы бедеулік мәселесін шешу үшін ем-дом қабылдауда. Олардың дені – карьера қуып, сәби сүю жасынан асып кеткендер.  

«Алғашқы жүктілік үшін әйелдерге ең жақсы жас – 23-24 дер едім, ал ер адамдарға 25-26 жас. Себебі, дәл осы кезеңде гормоналдық фон белсенді болады. Ал 30-35 жастан кейін жүкті болу қиынырақ», – деді акушер-гинеколог Ольга ГЛОБЕНКО.

Белгілі болғаны, бір жыл бала көтермеген нәзік жандыға «бедеулік» диагнозы қойылады. Қазір елімізде нәрестелі бола алмай жүрген 6 мың әйел бар. Бірақ дәрігерлер мұны «үкім» деп қабылдамау қажет дейді.  

«Бедеулік үкім сияқты естіледі. Ерекше айтарым, 21-ші ғасырда бұл үкім емес. Бүгінде емделудің көптеген тәсілдері бар. Тек шыдамдылық қажет. Себебі, тексерілудің өзі 2-3 айға созылуы мүмкін. Бедеулік әйелдерде де, ер адамдарда да бірдей кездеседі. Себептеріне келер болсам, әйелдерде жатыр түтігінің бітелуі болса, ер адамдарда шәуетінің әрекетсіздігі немесе белсенді болмауы дер едім», – дейді Акушерлік, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының бөлімше меңгерушісі Ерлан ТӘЖІБАЕВ.

Анықталғандай, Қазақстандағы отбасылардың 15 пайызы сәби сүйе алмауда. Ал әр алтыншы жанұяға ЭКО қажет екен. Мұндай деректі Жарбосынов атындағы Ғылыми урология орталығы беріп отыр.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров