|
16.11.2018 | 16:13
11374

Қар түскелі Алматыдағы Әлеуметтік бейімдеу орталығы қаңғыбастарға лық толған

Қар түскелі Алматыдағы Әлеуметтік бейімдеу орталығы қаңғыбастарға лық толған

Қарашаның қақаған аязы үйсіз-күйсіз жүргендерге қиын соқты. Соңғы бір аптаның өзінде Алматы қалалық Әлеуметтік бейімдеу орталығына аяқ-қолын үсік шалған 10 адам түскен. 180 адамға шақталған орталық қазірдің өзінде лық толы. Мұнда келгендердің жартысынан көбі медициналық және заң тұрғысынан да көмекке мұқтаж. Өйткені, біразының құжаты жоқ. Қара суықта қаңғыбастар қайда барып, қалай күнелтіп жүр?    

« – Сәлеметсіз бе! Жаураған жоқсыз ба? Далада не үшін жатырсыз? – Қиындықтарға тап болып қалдым... өзім Қарағандыданмын. Ақшам жоқ, аяғым сынып қалды... енді қайда барамын? Қайда? Тек далада түнеуіме тура келеді...», – деп күйінішімен бөлісті көше кезген мына азамат.

Өзін Виктор деп таныстырған азаматты аялдамалардың бірінде ұйықтап жатқан жерінен жолықтырдық. Айтуынша, барар жері, басар тауы, тіпті құжаты да жоқ. Далада түнеп жүргеніне бірнеше айдың жүзі болыпты. Нәр татпағанына да біраз болған. «Бүгін жолым болса түнімен істейтін асханалардың біріне барып отырамын, болмаса далада түнеймін» деп отыр. Ал Әлеуметтік бейімдеу орталығына барғысы жоқ.

«Ол жақта адамдар қалай өмір сүреді? Сасық иісі қолқаны қабады... ол жақтан гөрі, далада осылай жүргенім дұрыс шығар...», – дейді Виктор.  

Қаңғыбастар қыстыңгүні көпқабатты үйлердің кіреберісі мен жылу құбырлары бар құдықтарды паналайды. Тамақтарын қайыр тілеп, не болмаса мынадай қоқыс жәшіктеріндегі тұрмыстық қалдықтар арасынан тауып жейді.  

Біреулер далада түнеп жүрсе де әлеуметтік бейімдеу орталығына барғысы келмейді, ал өзгелер үшін бұл орталық өз үйіндей болып кеткен. Тимур Ивановтың аталған орталықты паналап жүргеніне 13 жылдың жүзі болыпты. 49 жастағы азамат мас күйінде темір жолда ұйықтап кетіп, аяғынан айырылған екен. Содан бері жыл сайын қар түсе салысымен, Бейімдеу орталығына келеді.

«Қыста осында боламын, ал көктем шыға салысымен көшеге кетемін. Далада рахат емес пе? Жеміс -жидек... қауын-қарбыз, Қапшағайға баруға болады. Ал бұл орталыққа алғысым шексіз. Төрт мезгіл тамақ береді, тіпті киімімізге дейін тегін. Қазір менің үстімдегі киімнің бәрін осы жерде берді», – дейді Тимур ИВАНОВ.

Орталықта жүргендердің бәрін бірдей қаңғыбас дей алмаймыз. Арасында тағдыр тәлкегіне түсіп, мұнда уақытша ғана жүргендер де бар. Тілеуберген есімді азамат Орталық Қазақстаннан Алматыға біреулердің алдауына түсіп келдім дейді. Айтуынша, кішкентай кезінде ғана көрген Арман есімді ұлын іздеп келген. Бәзбіреулер балаңды тауып береміз деп, Қарағандыдан мегаполиске алып келіп, бір ай бойы қайыр тілетіпті. Құжаттары мен ұялы телефонын да тартып алған. Абырой болғанда, көшеде жүрген жерінен Бейімдеу орталығының мамандары көріп қалып, осында алып келген.  

«Қарағандыдан біреу алдап, азғырып алып келді. Сөйтсем, олар қайыр тілеп жүргендер екен, мен оны білген жоқпын», – дейді Тілеуберген ҚҰРМАНБЕКОВ.

Зейнеткер қазір құжатының дайын болғанын күтіп жүр. Баласын табамын деген үміті де үзілген. Жеке куәлігін қолына алса болды, бар арманы – туған ауылына қайту.

«Маған құжатымды істеп берсе болды, қайтадан еліме барайын, сол жаққа барып өлейін... басқа амал жоқ менде. Соған жәрдемдессеңіздер», – дейді зейнеткер жалынышты үнмен.

Әлеуметтік бейімдеу орталығында балдақпен жүрген мүгедек көп. Бәрі де ащы су ішіп, ақыры аяқ-қолынан айырылғандар. Орталыққа соңғы 1 аптаның өзінде үсік шалған 10 адам түсіпті. Оларды жедел-жәрдем мен полицейлер алып келеді. Алғашқы көмек осы жерде көрсетіліп, ары қарай құжаты болса ауруханаға тексеріске жіберіледі. Әлеуметтік бейімдеу орталығына соңғы бір аптаның өзінде 21 кезбе түсіпті. Қазірдің өзінде бұл жерді 185 адам паналап жатыр. Орталық мамандары былтыр қыста 600 адамға дейін болған дейді. Ызғарлы қыстың әлі алда екенін ескерсек, орталыққа келетін қаңғыбастар биыл бірнеше есеге артпақ.

«Күн суығалы бері біздің орталыққа келушілер саны күрт артып кетті. Себебі, далада күн суық, олардың үйі жоқ, сондықтан даланың суығына шыдамай біздің орталықтан көмек алуға келеді. Құжатсыз болады, басқа жерге бара алмайды, аурухана да қабылдамайды. Бірден біздің орталыққа келіп түседі», – деді Алматы қалалық Әлеуметтік бейімдеу орталығының әлеуметтік қызметкері Рыскүл МӘМЕКЕЕВА.

Орталықты паналайтындардың мамандық алып, жұмысқа тұрып кетуіне мүмкіндік жасалған. Биыл мұнда 24 адам жұмысқа тұрыпты. Одан бөлек, денсаулығын тексеру де орталық қызметкерлерінің мойнында. Әлеуметтік бейімдеу орталығы биыл 8 адамның зейнетке шығуына жәрдемдессе, 4 адамның мүгедектік жәрдемақы алуына, ал 11 адамның зейнетке шығып, Ардагерлер үйіне өтуіне көмектескен. Одан бөлек, биылдың өзінде 55 адамның жеке куәлігін жасап беріпті.

Бұл орталық біреулер үшін өз үйіндей болып кетсе, енді біреуі жұмыс істеп, отбасын құрсам дейді. Айтпақшы, Әлеуметтік бейімдеу орталығында көңіл жарастырып, қазір бөлек тұрып жатқан жандар да бар екен.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир