Әпкеге құрмет: Алматыда жас ақынның жыр жинағының тұсаукесері өтті

Әпкеге құрмет: Алматыда жас ақынның жыр жинағының тұсаукесері өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жас ақын Жақсылық Қазымұратұлының «Әпке» жыр жинағының тұсаукесері өтті.

«Жамбыл» атындағы кітапханада өткен шараға ақын-жазушылар мен жыр сүйер қауым жиылды. Аталған жыр жинақ екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігінен туған өлеңдер болса, кейінгісінде махаббат тақырыбындағы лирикалық жырлар топтастырылған. «Әпке» кітабының тұсауын ақынның ұстазы Кәкен Қамзин мен Әмірхан Меңдеке кесті.  

«Араға біраз уақыт салып осы жинақты ұсындық. Әпкені жақсы көру арқылы ұмытылып бара жатқан қасиетті қайтадан бір оятсам, адамдар өздерінің әпкелері туралы, кез-келген адам өзінің бір жанына жақын әпкесі туралы ойланса екен, еске алса екен, құрмет білдірсе екен, ілтипат білдірсе екен деген тілегім бар», – деді ақын Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ.  

Әдеби кеште Жақсылық Қазымұратұлының жаңа өлеңдері оқылды.  Шайырдың бұған дейін де «Қарала сырмақ», «Жапырақ жауған күз» жыр жинақтары жарық көрген. Және ол патриоттық өлеңдері арқылы оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Аға буын өкілдері жас ақынның туындыларына өздерінің оң бағасын беріп, шығармашылық табыс тіледі.  

«Мына Жақсылықтың бойында кәсіби талант та бар, ақындық талант та бар, редакторлық талант та бар, менеджерлік те талант бар. Міне, барлығының басын қосқанда келіп мультимедиялық журналистика шығады. Шәкірттеріміздің осылай өскеніне, ілгері басқанына біз әруақытта қуанамыз», – деді жазушы, филология ғылымдарының докторы Кәкен ҚАМЗИН.


Новости партнеров