Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметке 295 адамды іріктеп алды. Олар «Айбын» және «Батыр» президенттік полктерінде қызмет атқарады. Жас сарбаздар Алматыда әскери ант қабылдады.
Биыл әскер қатарына іліккен сарбаздардың бәрі де сайдың тасындай іріктеліп алынғандар. Президенттік полктер қатарына іріктеу кезінде әскерге шақырылушылардың интеллектуалдық қабілеті мен спорттық және өзге де жетістіктеріне аса назар аударылады. Биылғы жас сарбаздардың қатарында 4 спорт шебері, 19 спорт шеберлігіне үміткер бар. Ал 17 пайызы жоғары білімді болса, 67 пайызы орта-арнайы білімді.
«Биыл біз 295 сарбазды таңдап алдық. Олар бізде арнайы тексеруден өтті. Араласатын ортасы, қызығушылықтары мен бейімділігі және физикалық дайындықтарына зерттеу жүргізілді. Басты талаптардың бірі – бойы. Яғни, сарбаздың бойы 180 см-ден кем болмауы тиіс. Физикалық және моральдық-психологиялық дайындығы да басты рөл атқарады», – деді рота капитанының орынбасары Қанатбек НИЯЗБЕКОВ.
Ант қабылдаған сарбаздар аз уақыттың ішінде жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті: әскери машық-дағдыларын, қарумен амалдар элементтерін және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ, салтанатты саппен жүріп өтті.
Балтабаевтар әулеті үшін бұл күн тарихи оқиғаға айналды. Дәл осы әскери бөлімде сарбаздық борышын өтеген әкенің міндетін 25 жылдан соң баласы жалғастыруға келіп тұр екен.
«Бүгін салтанатты ант қабылдау күні болғандықтан ұлымды құттықтауға әдейі Көкшетау қаласынан келіп отырмын. Өзім 1993 жылы осы әскери бөлімде әскери борышымды өткергенмін. Сондықтан бүгін менің отбасымда үлкен бір тарихи оқиға болып жатыр. Енді ұлым қызметімді ары қарай жалғастырып жатыр. Сондықтан мен осы күнге жеткеніме айрықша қуаныштымын», – дейді сарбаздың әкесі Самарбек БАЛТАБАЕВ.
«Мен үшін әскери борыш бірінші орында тұрады. Өйткені, әрбір азамат өзінің Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс. Әкем осыдан 25 жыл бұрын Отан алдындағы борышын өтеген болатын. Сондықтан да мен нақты осы мемлекеттік күзет қызметін таңдап келіп отырмын», – дейді жас сарбаз Райымбек ҚАБДЫРАШ.
Әскери ант қабылдаған сарбаздар Астана мен Алматы қалаларындағы әскери бөлімдерге жөнелтілді. Олар сол жерде отан алдындағы борышын өтейтін болады.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы