Әрбір алматылық жылына 70 кг нан жейді

Әрбір алматылық жылына 70 кг нан жейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл шаруашылығы басқармасы әрбір жанның жылына шамамен қанша келі тамақ жейтінін есептеп шығарды. Тізімдегі 19 түрлі тағамның ішінде ең көп желінетіні - нан екен. Әрбір алматылық жылына кемінде 70 келі нан жейді. Жалпы алып шаһардың тұрғындары ай сайын 80 мың тонна тағам тұтынады екен. Күнделікті қажетті тағамдардың тапшылығы қыста болмас үшін қала билігі кәсіпкерлерге тағы да үстемесіз қомақты қаржы бөлді.

Күн күрт суытқалы көкеніс атаулының құны да қымбаттап үлгерген. Мәселен, баклажанның бағасы 700 теңгеден асса, қызанақтың бір келісі 600 теңгеге жуықтады. Ірі сауда орталықтары өкілдерінің айтуынша, құн күн сайын ауысып жатыр. Ал, құзырлы мекеме өкілдері бағаны бақылаймыз дегенмен, жеме-жемге келгенде сол бағаны нарықтың өзі реттейді.  

Әкімдік қаладағы сауда өкілдерінің қожайындарымен құнды көтермеу жөнінде келісімге келген. Бірақ әрбір заттың атын атап, оның шекті бағасын белгілемеген. Оған құзыры да жоқ. Тек көкөністің бағасы көтірле бастағанда қоймадағы қорды шығарып, бағаның төмендеуіне әсер етудің жолдарын жасап қояды.  

«Жаз айында, өнімді ерте жинамай тұрғанда ақшаны бөліп бергенбіз. Ол ақшаға өнім егістіктің басынан, яғни делдалсыз сатып алынады және қоймада сақталады. Күн суытып, базарда азық-түлік азая бастағанда бағаны тұрақты ұстап қалу үшін қоймадағы өнімді шығарады», - дейді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.

Қыс пен көктемде халық көкеніс тапшылығына тап болмау үшін Алматы әкімдігі керекулік кәсіпкерлерге 500 миллион теңге бөлген. Картоп, пияз, сәбіздің қорын молайту үшін қосымша тағы да 250 миллион теңге берілмек. Бұл қаржыны кәсіпкерлер жаз шыққанша саудаға салып, пайдасын көреді де, маусым айында ақшаны кері қайтарып береді.

«Біз қаладағы сауда орындарының біріне 500 мың теңге алдын ала төлеп, келісімге отырдық. Өйткені, жаңа жылдан кейін де, ақпан, наурыз, сәуір айларында тамақ өнімдерінің құны қымбаттайды деп болжанды. Осы кезде біз қойманың қақпасын ашып, нарықтағы тапшылықты тоқтатамыз. Бұл бағаның кемінде 10-15 пайыз төмендеуіне әсер етеді», - дейді «Алматы азық» ЖШС бас директоры Нұрлан ӘУЕЗБАЕВ.  

Алматы тұрғындары айына шамамен 80 мың тоннадай тамақ өнімдерін тұтынса, оның 25 мың тоннасы көкөніске тиесілі. Ай сайын Алматы базарларында 14 мың тонна картоп, 3 мың тонна сәбіз саудаланады. Қала билігі бағасын үнемі қадағалап отыратын әлеуметтік тамақтың тізіміне 19 түрлі ас атауы кірген. Қалаға қатысты қаражат арқылы алдын ала сатып алынған қоймадағы мына тамақтың түрлері тек тапшылық туа қалса ғана сатылымға шығарылады:

- 1-сорттағы ұн – 347,40 тонна

-  сұйық май – 699,03 тонна

-  қарақұмық – 348,10 тонна

-  қант – 1 500 тонна

-  макаро өнімдері – 346,62 тонна

Ал, басқарманың есептеуінше, ең көп желінетін өнімдердің басында нан тұрса, қарқұмық керісінше – ең төменгі сатыда. Әрбір адам ары кеткенде жылына екі келі қарақұмық қана жейді екен.

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров