2018 жылы Алматыда 349 көшенің атауы өзгерген

04.01.2019 21:14

Алматыда аты өзгертілген 185 көшенің 20-сы Керей-Жәнібек хандар, Тәуке хан, Есім хан, Әбіш Кекілбайұлы, Шамғон Қажығалиев, Фарида Шәріпова, Жаяу Мұса секілді тұлғалардың есімдерімен аталады. Қалған көшелерге Жеті жарғы, Ата толғауы, Ақжайнақ, Тайбурыл, Әлқисса секілді тарихи-географиялық және ұлттық танымдық атаулар берілді.

Ал өткен жылдың бірінші жартысында Алатау және Бостандық аудандарындағы қайталанатын 164 көшенің атауы өзгертілді. Осылайша, 2018 жылы Алматыда 349 көшенің аты өзгерді.

Ономастика бөлімі мамандары, мегаполисте жаңа атауды қажет ететін тағы 300-ге жуық көше бар екенін айтады.

«Қалада идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер бар. Сондай-ақ, атауы жоқ көшелер де бар. Соларды ретке келтіруді қолға алып жатырмыз. Идеологиялық тұрғыдан 51 көшенің атауы ескірген, 247 көшенің атауы жоқ», – деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген ҚАЛАБАЙ.

Оңтүстік астанамызда көше атауларын өзгерту жұмыстары тұрғындардың жиі шағымынан соң өткен жылдың басында басталған болатын. Атауы жоқ немесе қайталанатын көшелер жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіруші сынды қызметтерді шақырғанда қиындық туғызатын. Алматыда шамамен, 2,5 мың көше болса, соның 349-ның аты қайталанып келген. Айта кетейік, атауы өзгеретін көшелер Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түріксіб аудандарында орналасқан.