Астанада дәрігер науқасты тепкілеген соң қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы барлық ауруханалардағы бейнекамераларды бақылауға алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Әлия Рүстемова Орталық теміржол ауруханасында өткен брифингте мәлімдеді.
«Оқиға туралы таңертең білдік және тез арада қызметтік тексеруді бастап кеттік. Дәрігердің әрекетін дұрыс деп есептемейміз. Және оған тағы жол бермеу үшін барлық медицина қызметкерлерімен жұмыс істейміз. Одан бөлек, басқармаға қарасты барлық ауруханадағы бейнекамераларды бақылауға алуды ұйғардық», – деді Әлия Рүстемова.
Өз кезегінде, Орталық теміржол ауруханасының бас дәрігері Сергей Демочкин науқасты соққыға жыққан терапевт-дәрігер туралы айтып берді.
«Терапевт небәрі, 26 жаста. Біздің ауруханада үш жыл жұмыс істеген, қатардағы дәрігер. Жастық қызумен мас науқастың әрекетіне шыдамаған. Қызметтік этиканы бұзғаны үшін оны жұмыстан шығарамыз. Ал оның дипломы мен сәйкестік сертификаты қалпында қалады. Себебі, оқиғаның науқасты емдеуге қатысы жоқ. Дәрігерлік қызметте өрескел қателік жібергендерге қызметін жалғастыруға тыйым салынады», – деп түсіндірді Сергей Демочкин.
Еске сала кетсек, Инстаграм желісінде жерде жатқан науқасты дәрігердің тепкілегені көрсетілген видео тараған болатын. Онда оқиға «Астана қаласының №2 ауруханасында» болды деп жазылған. Алайда бұл дерек расталмады.
Кейінірек бұл келеңсіз жайт қаладағы Орталық теміржол ауруханасында болғаны анықталды.