Елімізде мемқызметкерлерді жұмысқа алу ережесі өзгереді

Елімізде мемқызметкерлерді жұмысқа алу ережесі өзгереді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа іріктеу ережесі өзгереді. Шенеуніктердің жүріс-тұрысын бақылайтын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жаңашылдықты келесі жылдан бастап енгізуді жоспарлап отыр. Өзгерістер «А» және «Б» корпусын ғана емес, Ұлттық бюро мен құқық қорғау жүйесінде де орын алады.

Алик Шпекбаев басқаратын агенттік мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеу ережесін өзгертті. Енді «А» корпусына, яғни жауапты хатшылар, комитет төрағалары, орталық және жергілікті аппарат басшылары мен аудан әкімінің лауазымына үміткерлер бұрынғыдай резервте тұрмай, тікелей конкурстық іріктеу арқылы тағайындалады. Ал «Б» корпусында жұмыс қабылдау үш кезеңдік іріктеу екіге кезеңге дейін қысқартылды. Өзгерістер қызметке ниеттілерді жұмысқа лайықты, не лайықсыз екенін бұрынғыдай 50 күнде емес, екі жетінің арасында анықтап береді. Келесі жылдан бастап құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюро да қызметке қабылдау жүйесін өзгертпек.

«Жаңа жылдан бастап, құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюро конкурстық негізге ауыстырылады. Одан бөлек, құзіретті және талантты мамандарды кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арқылы конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі де қарастырылады. Осы арқылы батыстық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандарды жеке сектордан мемлекеттік қызметке тарта аламыз. Бұл жерде әлемнің үздік 500 компаниясында жұмыс істеген немесе үздік жоғарғы оқу орындарының PhD дәрежесін алғандар туралы айтып отырмыз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.

Ал мемлекеттік орган қызметіндегілер жұмыста кешке дейін отырып қалмауын агенттік жіті бақылауға алады. Енді күнделікті заңда көрсетілген сегіз сағаттық жұмыс уақыты біткен бойдан компьютерлер автоматты түрде өшіріледі. Алик Шпекбаев өз ведомствосының ішкі жұмысы мен болашақ мамандардан бөлек, қазіргі қызметшілерге тапсырма-үндеу жолдады. Төрағалыққа тағайындалған бойдан «Фейсбук» желісіне тіркелген басшы халыққа жақын болу үшін қоластындағыларына аталмыш желіде жеке парақшаларын ашуды тапсырды. Айтылған дүние орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелеріне қатысты.  

«Барлықтарыңыз имидждің мінсіз болғанын қалайсыздар, сондықтан желіде белсенді жұмыс істейсіздер деп үміттенемін. Жаңа дәуірдің жаңа талаптары бар және жақын болашақта жұмысымыздың басым бөлігі цифрлық кеңістікке өтеді. Дамыған елдердің көпшілігінде мемлекеттік органдар әлеуметтік желі арқылы ресми жауап таратады. Біз де біртіндеп осыған келе жатырмыз», – деді Алик ШПЕКБАЕВ.

Басшы тағайындаған қызметкер парамен ұсталса, ол өзі жауап бере ме, бермей ме деген сұраққа да жауап айтылды. Алик Шпекбаевтың айтуынша, жемқорлық жайын басшы өзі анықтап, тиісті органдарға айтса, онда ол өз қызметінде қала береді. Ал егер де экономикалық қылмысты агенттік анықтаса, түрлі деңгейдегі бастық өз қоластындағы парақор үшін жауап береді. Бұл ретте өңірлік мемлекеттік қызметте де ақшаға қатысты заңбұзушылыққа қарсы күрес күшейеді. «Жемқорлықтан ада аймақ» атты жоба іске қосылып, оған үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділер тартылатын болады.  


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана  


Новости партнеров