|
19.10.2018 | 16:41
2761

Алматыда «Жыл әжесі» байқауы өтеді

Алматыда «Жыл әжесі» байқауы өтеді

Алматыдағы зейнеткерлерге арналған күндізгі орталықта «Жыл әжесін» таңдайды. Қатысушылар дайындықты бастап та кетіпті. Іс тігіп, тағам әзірлеуден бөлек, қариялар қоғамда белсенді екенін де дәлелдеуі тиіс. Орталыққа келушілердің дені мұндағы сауықтыру шараларынан кейін белсенді болуға бейімделіп жатқан көрінеді.

Ырғақты «Қара жорға» әніне билеп жатқан қариялар бір сәт өздерінің жан аурулары мен тән ауруларын ұмытқандай. Топтық би – психологиялық әдістердің бір түрі. Мамандардың айтуынша, оның нәтижесі де жаман емес. Қарттарға арналған күндізгі орталық тәулігіне 56 адамды қабылдай алады. Дәрі-дәрмексіз емдеу уақыты 2 айға есептелген.

«Қарттардың осында болатын 2 айында байқағанымыз, көңілдері көтеріліп, артық салмақтарын тастап, қан қысымдары мен қант деңгейі төмендеді. Сонымен қатар, психологиялық жағдайы да жақсарады. Олар мұнда сөйлесіп, әңгімелесу үшін келеді. Жаңа достар тауып, курстан кейін де бір-бірімен қарым-қатынасты ұстап отырады», – деді «Күміс ғасыр» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Айнұр ЕШМАНОВА.

Өмірінің қырық жылын балаларға білім беруге арнаған 69 жастағы Дина Есқараева – орталықтың белсенді мүшесі. Осында болған бір жарым айдың ішінде денсаулығының жақсарғанын айтады. Енді бос уақытын йогамен, айкунемен айналысуға арнаймын дейді. Айта кетейік, Айкуне – көшпенді халқымыз ұстанған қазақ гимнастикасының бір түрі.

«Денемдегі көп ақауларымды жөндеп келемін. Белім ауыратын еді, одан мүлдем сауықтым деуіме болады. Басым да ауыратын. Жасы үлкен адамдардың қан тамырларының тарылатыны белгілі ғой, ол жағы да реттеліп қалды», – дейді Дина ЕСҚАРАЕВА.

Орталыққа жолдама алу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Алдымен учаскелік дәрігер мен Халыққа қызмет көрсету орталығында бірнеше құжаттарды алуы тиіс. Содан соң зейнеткерде қант диабеті мен есін жоғалту секілді ауруы болса, қарттарға арналған күндізгі орталыққа кезекке қояды.

Биыл жазда ашылған мекеме зейнеткерлер арасында сұранысқа ие болып үлгерген. Физикалық жаттығулардан бөлек, мұнда мамандардың кеңестері де тегін беріледі. Орталықтағы әжейлер қазір сайысқа дайындық үстінде. Скандинавиялық жүріс бойынша өз өнерлерін көрсетеді. Одан өзег, «Жыл әжесі» бірнеше талаптар бойынша іріктелмек.

«Жыл әжесі өзінің белсенді екенін дәлелдеп, қаладағы өтіп жатқан оқиғалардан хабардар болуы тиіс. Сонымен қатар, сәнді киім үлгісін де көрсетеді», – деді «Күміс ғасыр» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Айнұр ЕШМАНОВА.

Қариялар уақыттарын орталықта ғана емес, орталық сыртында да жақсы өткізіп, музейлер мен тауға жиі барып тұрады.


Азамат Әуезхан, Салтанат Шорай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир