Денис Тен академиясы ашылады

Денис Тен академиясы ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің атындағы академия ашылады.

Небәрі 25 жасында қылмыскерлер қолынан қаза тапқан спортшының асқақ арманы мен алға қойған жоспарларын анасы Оксана Тен «Денис Теннің қоры» атты қоғамдық қор мүшелерінің алғашқы басқосуында айтты. Астанадағы кездесу барысында қор құрамындағы жандар спортшының қағаз бетінде қалдырған шығармаларын жарыққа шығарып, әндерін диск түрінде де көпшілікке таратпақ ниетте.

«Оның спорттық мансабының басым бағыттарының бірі – мәнерлеп сырғанау академиясын құру болатын. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оның ашылуы 2019 жылға жоспарланып отыр. Қор жұмысы бойынша алғашқы қадамдар жасалды», – деді Денис Теннің анасы Оксана ТЕН.

Қор мүшесі Тимур Бекмамбетов Денистің «Соқыр махаббат» атты шығармасына фильм түсірілетінін айтты. Барлық жұмыстар келесі жылы басталады. Жоспар бойынша туынды көрерменге ағылшын тілінде жол тартады. Жастар махаббаты жайындағы фильмге Тимур Бекмамбетов режиссер іздестіріліп жатқанын да хабарлады.

«Қазіргі таңда режиссерлерді таңдап жатырмыз. Фильм Америкада шығарылады. Туынды жастар арасындағы махаббатқа негізделген. Бізге қазіргі уақытта Денис Тен қоры қолдау білдіріп отыр. Қор фильмның шығарылуына қатысты қаражаттың жартысын жинады. Яғни, жұмыс жоспарлы түрде алға жылжи береді», – деді режиссер Тимур БЕКМАМБЕТОВ.

Естеріңізге салсақ, Олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді шілде айында Алматыда ұрылар пышақтап кеткен болатын. Көп қан жоғалтқан спортшы көп уақыт өтпей ауруханада көз жұмған еді.



Новости партнеров