20 жастағы «Атырау аруы-2015» қатерлі ісікке шалдықты

20 жастағы «Атырау аруы-2015» қатерлі ісікке шалдықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

20 жастағы «Атырау аруы-2015» Гаухар Қасаева қатерлі ісікке шалдықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл ісік Гаухарда 2017 жылы пайда болған, бірақ ол дертті өзі жеңе алмайтындықтан қазақстандықтардан көмек сұрап жатыр.

«Отадан кейін маған терапия алу керектігін айтты, бірақ ондай терапия Қазақстанда қабылданбайды. Ал шетелге баруға қаражат жоқ, сондықтан барлығы сол күйі қалды. Бірақ 10 айдан соң барлығы қайтадан басталды. 2018 жылдың 24 тамызында маған екінші рет ота жасады. Менің жағдайымда химиялық терапия көмектеспейді. Дәрігерлер Қазақстандағы медицинаның маған көмектесе алмайтынын айтады, сол үшін маған жедел түрде Израильге немесе Оңтүстік Кореяға бару керек», - деп жазды Гаухар Instagram желісіндегі парақшасында.

Ол берген сұхбатында Оңтүстік Кореяда орналасқан клиниканы таңдағанын айтты.

«Бір күнде шамамен 1,9 миллион теңге жиналды. Барлығын келісіп қойдық, дәрігерлер бізді қабылдауға дайын. Өзім ғана барамын ба, ата-анамның біреуі бірге бара ма, қазірше белгісіз», - дейді Гаухар.

Ол қазақстандықтарға қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтты.

«Мен әрқашан мықты адам болатынмын, ешкімнен көмек сұрамайтынмын. Отбасыма көмектесу үшін мектеп кезімнен жұмыс істедім. Университетте оқып жүріп те жұмыс істедім, оқуымның ақшасын өзім төледім. Ал қазір алғаш рет көмек сұрап жатырмын, бұл дертті өзім жеңе алмай жатырмын. Жасым небәрі 20-да, ұзақ әрі бақытты өмір сүргім келеді», - деп жазды ол.

Айта кетейік, ол өзі осыған дейін Атыраудағы түрлі қайырымдылық акцияларына қатысқан.

«Былтыр «Жүректен жүрекке» және басқа да қорлармен бірігіп, акциялар ұйымдастырған болатынбыз. Кеше сол қорлардың бірі хабарласып, кейінірек болмаса, дәл қазір көмек көрсете алмайтындарын айтты», -  дейді Гаухар.

Новости партнеров