Индонезияда цунами салдарынан қаза тапқандар саны 500-ге жетті. Ал 1500-ден астам адам әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған.
Соңғы дерек бойынша, 160-қа жуық адам із-түссіз жоғалғандар тізімінде тұр. Сондай-ақ, 16 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болыпты. Табиғи апат салдарынан 883 тұрғын үй, 73 қонақ үй және вилла, 60 шақты дүкен қирап қалған.
Қазір Ява және Суматра аралында орын алған алапат толқынның зардаптарын жою жалғасуда. Жекеменшік ұйымдар жергілікті халық үшін көмек көрсететін арнайы пункттер ашқан. Онда мұқтаж жандарға тамақ, қажетті заттар тегін таратылып жатыр.
«Бұл адамдарға жанымыз ашиды. Біз бауырмыз, сондықтан осында кішігірім пункт ашуды жөн санадық», – дейді Нурджая есімді азамат.
Дегенмен, жергілікті базарда сауда ақырындап жандана бастаған. Алайда, қалыпты жағдай әлі орнамады дейді саудагерлер.
Еске сала кетейік, жойқын тасқын Индонезияда өткен сенбі күні болды. Зонд бұғазы жағалауында Анак-Кракатау жанартауы оянған. Мамандардың болжамынша, сол кезде болған жерасты дүмпулері цунамиге ұласып, Суматра мен Ява аралдарының жағалауына лап берген. Табиғаттың тосын мінезі ел тұрғындарын әбден әбігерге салды.
«Біз қалыпты өмірге әлі келе қойған жоқпыз. Қазір тек қалған тауарларды сатып жатырмын», – деді Мұхаммад ФИТРОХ.
«Мен осыдан біраз уақыт бұрын ғана ашылдым. Алдыңғы күні қатарынан тыныштық болды. Ешқандай пайда таппадым», – дейді Атья есімді саудагер.