Енді 1 қазаннан бастап депозит ашатын азаматтарға төленетін сыйақы мөлшерлемесінің көлемі артады. Бастысы, ақшаңызды банкке ұлттық валютада сақтауыңыз қажет. Бұл төл теңгемізге деген сұранысты арттырып, долларсыздандыру саясатына әсер ете ала ма? Көк қағаз құнының құбылуынан пайда тауып қалғысы келетіндерге сарапшылар қандай кеңес айтады?
Келесі айдан бастап, жеке тұлғалар үшін депозит шарттары өзгереді. Енді банкте ақша жинағысы келетін азаматтар мерізімді, мерізімсіз және жинақ салымдары секілді үш тәсілдің бірін таңдай алады. Ал бұған дейін депозиттен ең жоғары сыйақы, яғни 10 жарым пайыздық үстеме алып жүрген азаматтар жаңа шартқа қатыса алмайды. Тек 1 қазаннан бастап жаңадан шот ашатын салымшылар ғана ең көп дегенде, 13, 5 пайыздық мөлшерлемеге іліне алады.
«Жинақы және мерзімді салымдары үшін 3,6,12 және 24 айдан жоғары аралығы ұсынылады. Бұл жерде 3 айдағы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12 пайызды құраса, ал 24 айдан есептегенде, жоғары салымдар үшін 13,5 пайызды құрайды», – деді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры департаментінің жетекші маманы Самат ТӨРЕҚҰЛ.
Демек, жиған-тергеніңізді неғұрлым төл ваютада ұзақ сақтасаңыз, үстінен түсетін пайызы да едәуір арта түспек. Ал күн сайын құбылып жатқан шетел ваютасымен депозит салымшылары үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздан әрі аспайды.
Айта кетейік, жинақ салымдары бойынша ұлттық валютада ашылған депозитке 15 миллион теңгеге дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік береді. Ал салған қаражаты кепіл сомасынан асып кетіп, бірақ банк банкроттық жағдайға тап болса, онда ақшаңызды қайтарып алу, сіздің қаржылық сауаттылығыңызға тікелей байланысты болмақ. Сондықтан келісім-шартқа қол қоярда мұқият болуыңыз, ол өз капиталыңызды жоғалтып алмауға зор мүмкіндік бермек. Мәселен, сыйақы мөлшерінен қағылып қалмас үшін «капиталдандыру» пунктін белгілеуді ұмытпаңыз.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сыйақыға кепілдік бермейді. Егер де банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, капиталдандырылған сыйақы негізгі сомаға қосылады. Сонда бұл кепілдік нысанына айналады. Тек бір жағдайда ғана капиталдандыру көзделсе, сыйақыға кепілдік болады», – деді Самат ТӨРЕҚҰЛ.
Жинақы салымдарына пайыздық мөлшерлемені арттыра отырып, теңгелік депозит шарттарын көбейтудің, яғни, қаржы институттарының ұлттық валюта қорын көптеп жинаудың долларсыздандыруды жүзеге асыруға толықтай қауқары жетпейді. Осылай деген экономикалық сарапшы Серік Қозыбаев экспорт пен импорттың көлемі тепе-тең түскен жағдайда ғана төл теңгенің көк қағазға шаққандағы құны едәуір артатынын айтады. Ал күн құрғатпай құбылып жатқан долларды алып-сатып, пайда тауып қалуды көздейтіндер кез келген уақытта шығынға белшеден батуы бек мүмкін. Сондықтан сарапшы нарықта ойнап жүріп, от басып қалмауға кеңес береді.
«Шетелдік инвесторлардың теңгеге деген сұранысы жоқ. Мысалы, инвестор біздің елден тауар алатын болса, шетел валютасын теңгеге айырбастауы қажет. Бірақ мұндай жағдайлар тіркеліп жатқан жоқ. Теңгенің әлсіреуіне де осы фактор әсер етуде. Ұлттық валютаға сеп берудің бір амалы – елімізде зауыт санын одан ары арттырып, сырттағы сұранысқа тәуелді болмау. Сонда долларсыздандыру да өздігінен жүзеге асады», – дейді экономикалық сарапшы Серік ҚОЗЫБАЕВ.
Сарапшылар ұлттық валютада сақталған 27 банктегі депозитке берілетін кепілдік қорының мөлшерлемесі төл теңгеге деген сенімді арттыратыны сөзсіз дейді. Бірақ АҚШ-тың көк қағаз құнының аспандап кетуі нарықтан пайда тапқысы келетіндерді бей-жай қалдырмайтыны анық. Банкке салған қаржыдан бір тиын болса да пайда көргісі келетіндер үшін жиған-тергенінің тең жартысын төл теңгемен, қалғанын доллармен жинуға кеңес береді. Ал қос валютаның арасындағы жылдық үстеме айырымы 10 пайыздан асып-жығылатынын ескерсек, ұлттық теңгенің басым түсетіні тағы бар.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 18 млрд 600 млн теңгені салымшыларға үлестірген. Бұл қаражат тақырға отырған «Наурыз банк», «Валют-Транзит Банк», «Казинвестбанк» және «Delta Bank» сынды қаржы институттарына сенім артып, қаражат салған азаматтарға қайтарылған сома. Ал бүгінде екінші деңгейлі банкке ақша салып, пайда табуға тәуекелге бағандардың 8 млрд 600 млн теңге қаржысы айналымға енгізілген.
Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы
Сурет / kapital.kz