Елімізде жедел жәрдем қызметі шақыртуға 4 түрлі жағдайда ғана баратын болды

Елімізде жедел жәрдем қызметі шақыртуға 4 түрлі жағдайда ғана баратын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жедел жәрдем қызметіне жүктелген жұмыс тым көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Ел тұрғындары соңғы кезде жедел көмек көлігінің кешігіп келетініне көптеп шағым түсіретін болған. Бірақ мамандар бұл тек аталмыш саланың олқылығы емес, тұрғындардың өздерінің де қателігі дейді. Мысалы, профильдік ведомствоның мәліметіне сенсек, жыл сайын жағдайы нашарлағандар «103» медициналық көмек қызметіне 8 миллион рет қоңырау шалады. Бұл көрсеткіш жыл сайын 500 мыңға артып келеді. Олардың арасында болмашы жағдайға қатысты хабарласатындар да көбейген.  

«Өткен жылдан бері министрдің №450 бұйрығына сәйкес, жедел жәрдем қызметі төрт жағдайда баруы тиіс. Бірінші – адамның жағдайы дәрігер көмегінсіз жақсармаса, шұғыл түрде жетуі керек. Одан кейін, науқас дәрігерсіз өз-өзіне келе алмаса шұғыл жедел жәрдем жетеді. Қалған екеуінде – азаматтың өміріне қауіп бар деген жағдай нақтыланса және адамға еш қауіп жоқ, бірақ созылмалы дерті, науқасы аяқ астынан қайталанса барады. Онда мамандар 10 минуттан 1 сағат аралығында баруға міндетті», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат АҚТАЕВА.

Бүгінде еліміз бойынша жедел жәрдем қызметіне 100 адамға шаққанда, 40 қоңыраудан түсіп тұрады екен. Ал өзге мемлекеттерде небәрі, 10 қоңыраудан аспайды дейді ведомство өкілдері.

«Біздің қызметкерлерге жүктелген жұмыс тым көп. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде бір бригадаға тәулігіне 7-8 қоңырау келіп түссе, Қазақстанда 23 реттен түсіп отырады. Әрине, бұл жедел жәрдем қызметінің сапасын төмендетеді. Өйткені, олар бір орында отырмайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық санитарлық авиация орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын директоры Нұржан ОТАРБАЕВ.


Новости партнеров