Астаналық дәрігерлер кәріз құдығына түсіп уланған сәбиді құтқарып қалды

Астаналық дәрігерлер кәріз құдығына түсіп уланған сәбиді құтқарып қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәріз құдығына түсіп, газбен уланған сәбиді инфекционист мамандар өлімнен арашалап қалды. Оқыс оқиға қазанның 5-і күні Астана қаласының іргесіндегі Тәйтөбе ауылында болған. Ең сорақысы, ауыр халдегі бүлдіршінге ешқандай жедел жәрдем қызметі келмеген. Бір жарым жастағы баласын көтерген ана ақыры қаладағы ауруханаға өздері жеткен.  

Осыдан үш апта бұрын болған жантүршігерлік жағдай әлі де Гаухар Қабжанованың көз алдында. Жас келіншек әлгі жәйттан соң күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанын айтады. Жаңа үйге абыр-сабыр көшіп жатқанда, 1,5 жасар ұлы Әнуар үй ауласындағы септикке түсіп кетіпті. Айтуынша, балғынды кәріз құдығынан арқанның көмегімен әзер дегенде алып шыққан. Алайда, санаулы минутта септиктегі нәжісті жұтып үлгерген баласы ес-түссіз күйде болыпты. Олар сәбиді бірден Қосшы ауылындағы ауруханаға апарады.      

«Қосшыға алып келгенде дәрігерлер алғашқы көмекті көрсетті. Әйтеуір, әрең дегенде баланың дауысы шықты, жылады. Содан соң олар осы жақтың жедел жәрдемі алып кетеді, екінші ауруанаға апарамыз деді. Бірақ ол аурухананың жедел жәрдемі келе қоймағандықтан, көлікпен қалаға қарай жолға шықтық. Бірақ МАИ постына жеткенше жедел жәрдем сол күйі келген жоқ», – дейді Гауһар ҚАБЖАНОВА.

Жедел жәрдем қызметі келмегендіктен, шыр-пыр болған ата-ана такси ұстап, ары қарайғы бағытын өздігінен жалғастырады. Амалы қалмаған олар қалаға кіреберістегі Балалар инфекциялық ауруанасының мамандарынан көмек сұрайды.  

«Біздің мекеме инфекциялық бағытта болғанына қарамастан, баланың өте ауыр жағдайда екенін көрдік. Әнуар бірден интенсивті терапияның жансақтау бөліміне жатқызылды. Әжетқұдықтың ішіндегісін жұтқаннан өзге, бала газбен де уланған. Асперациялық пневмания, сепсистен емдедік. Қазіргі кезде баланың жағдайы көңіл көншітерлік», – деді Астана қаласы Қалалық балалар инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Роза ӨТЕГЕНОВА.  

Әнуар 12 күн бойы тыныстау аппаратының көмегімен дем алған. Себебі, оның көптеген ағза мүшелерімен қатар, тыныс алу жүйесі де зақымдалыпты. Балдырғанды өлімнен арашалап, аяққа тұрғызу үшін Балалар инфекциялық ауруханасының барлық ақ халаттылары жұмылдырылған.

«Бірінші Алла, екінші осы кісілердің арқасында балам тірі қалды. Қайтадан құшағыма басып отырмын», – деп көзіне жас алады Гауһар ҚАБЖАНОВА.

Осылайша, Балалар инфекциялық ауруханасының ақ желеңділері «алтын сағат» ережесін жіберіп алмай, балғынды өлім аузынан арашалап алды. Бұл елордалық дәрігерлердің төтенше жағдайларда шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауының алғашқы мысалы емес. Осыдан бір апта бұрын сәтті жасалған отаның арқасында Астанада босанғалы жатқан ана мен оның құрсақтағы баласы да құтқарылған болатын. Ал дәрігерлер «шойын бала» атап кеткен Әнуар Шойын апта соңында үйіне қайтады.


Салтанат Нысанбекова, Рамазан Бәкенов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров