Төтеншеліктер жаңажылдық отшашуларды арнайы дүкендерден ғана алуға кеңес береді

Төтеншеліктер жаңажылдық отшашуларды арнайы дүкендерден ғана алуға кеңес береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ойнаймын деп отқа күйіп қалмаңыз.

Бүгін Алматы қаласының төтеншеліктері мен жергілікті полицейлері қауіпті пиротехника саудасына қарсы рейд бастады. Енді ашық аспан астында саудаланатын, рұқсаты жоқ жарылғыш заттарды түгел тәркілейтін болады. Барахолкадағы базардың біріне барған тексерушілер өкінішке қарай, жер сипап қайтты. Себебі, олардың келетінін алдын ала білсе керек, ешкім ұсталған жоқ.

«– Сертификатыңызды көрсетіңізші. – Ненің сертификатын? Сату орнының ба? – Мына өнімнің... – Мен оны сатып тұрған жоқпын. – Сізде тауар чектері жатыр ғой. – Мұнда ешқандай да қойылған қол мен мөр жоқ қой...» Тексеруші мен саудагер арасында өрбіген әңгіме осы болды.

Жаңа жыл қарсаңындае базардың бәрінде ашық сатылатын пиротехникалар бүгін тастүйін ораулы тұр. Төтеншеліктер тексеруге келеді дегенді алдын ала естіген сияқты. Жас жігіт алдындағы тауарын өзім сатып алдым деп ақталып әлек. Осыншама отшашуды «бір түнде атып бітемін» деген азамат тексерушілерге құжаттарын көрсетпеді. Ал базар әкімшілігі аумақта пиротехникалардың уақытша тұрғанынан бейхабар екен.

«Оның жеке мәселесін қараймыз. Отшашуларды сатуға рұқсат бермейміз», – деп уәде берген базар басшылығы «Осындай басқа нүктелер бар ма?» деген сауалға отшашу сататын басқа ешқандай нүктенің жоқ екенін айтып сендірді.

Бүгінгі тексеру жұмысына қалалық Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті полиция қызметкерлері шықты. Айтуларынша, пиротехникаларды пайдалану жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2016 жылы 4 тоннаға жуық пиротехника тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге азайыпты. Төтеншеліктер мұндай қауіпті заттарды арнайы дүкендерден ғана сатып алуға кеңес береді.

«Бұл заттар жабық ғимаратта сатылуы керек. Оның қабырғасының үлкендігі 70 см-ді құрау керек. Және құрғақ болуы тиіс, егер сатып алған болсаңыздар, оның сыртқы қорабына көңіл бөліңіздер. Пайдалану ережелері орыс және қазақ тілінде болуы қажет. Басқа тілде жазылғандардың бәрі қазақ тіліне аударылуы тиіс», – деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Саудагерлер мұндай «рейдтің» болатынын алдын-ала білген бе, әлде біреу сыбырлаған ба... әйтеуір, төтеншеліктер «Ялян» базарынан жарылғыш заттары бар тек бір-ақ нүктені анықтады. Оның ішінде шамамен, 1 тоннаға жуық пиротехника бар болып шақты. Енді Төтенше жағдай департаменті мамандары мұндай тексеріс жұмыстарын 5 қаңтарға дейін тоқтатпаймыз деп отыр.


Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров