Алматыда биыл 200 көшеге қуат үнемдейтін шамдар орнатылды

21.12.2018 21:50

Алматыда биыл 200 көшеге энергия жинақтайтын 4 мыңнан астам жарық шамдары орнатылды. Бұл қаланы түнгі уақытта жарық әрі қауіпсіз ету үшін қолға алынған. Ал келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1 мың 400 шақырым сыртқы жарық желісін немесе 45 мың шам мен 45 мың бағананы жаңарту жоспарда бар.

Мамандар жаңа диодты шамдардың артықшылығы көп деп отыр. Олар жарықты үнемдеуден бөлек, адамның қимыл-қозғалысына қарай әрекет етеді. Ішінде залалды заттары жоқ әрі ауа-райының тосын мінезіне өте төзімді. Қалада жарықты бір мезгілде беріп, өшіретін смарт бағдарлама жасалған.

«Түнгі уақытта мысалы, көлік қозғалысы, адам қозғалысы тоқтаған кезде шам автоматты түрде 50 пайызға жарығын азайтады. Ал егер қайтадан көлік қозғалысы, адам жүрісінің қозғалысы пайда болған кезде автоматты түрде 100 пайыз қалпына қайтадан қайтып келеді. Айта кететін болсақ, сапасы өте жоғары. Әрі электр энергиясын 15-20 пайызға дейін үнемдейміз», – деді «Алматы қала жарық» МКК бас инженері Ерлан ДӘНТЕБАЙ.

Айта кетсек, диодты шамдар жөндеуден өткен Абай, Абылай хан және Назарбаев даңғылдарында ғана емес, қаланың екінші деңгейлі көшелеріне де қойылды. Мысалы Алатау, Әуезов, Түрксіб, Наурызбай және Жетісу аудандарының көшелерінде жарық желілері жаңарды.

Сонымен қатар, 2018 жылы жаңарған 1 мың 400 аула жарықтандырылмақ. Келесі жылы тағы 600 аулаға шам орнатылады. Оған қоса, қаланың айшықты ғимараттарының сыртын жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік бүгінгі күнге дейін Алматыда 130-дан астам ғимаратқа жарық қойылған.