Үкімет басшысы халықты жұмыспен қамту жұмыстарына мониторинг жүргізуді тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жоспарлы бағдарламасының нәтижелері жаман емесін алға тартып, осы орайдағы жұмысты күшейту керек деді. Ал азаматтарды қолдау мақсатында шағын несие беретін ұйымдар саны көбетілмек.
Ресми мәлімет бойынша, елімізде биыл 450 мың қазақстандық екі қолға бір күрек тапқан. Бұл былтырдан бері іске қосылған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында жүзеге асып жатыр.
«2018 жылы бағдаламаны іске асыру үшін 112 миллиард теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 82 миллиард немесе жылдық жоспардың 73 пайызы игерілді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.
Мәдина Әбілқасымованың баяндамасын тыңдап болған Үкімет басшысы бірқатар тапсырма жүктеді. Мәселен, «Атамекен» палатасымен және өңірлермен бірге «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған адамдарға шағын несие беру бойынша мәселені толық шешу қажет екенін баса айтты. Бұл бір жыл бойы айтылып келген түйткіл екенін айтып өтті.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылық министрлігі бірлесіп, нысаналы топтарды, атап айтқанда, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың табысын арттыру үшін азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша қабылдап жатқан шаралардың әсеріне мониторинг жүргізу жүйесін жолға қою керек», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ, оқығандардың 33 пайызын жұмыспен қамту көрсеткіші өте төмен екенін алға тартты.
«Бұл баса мән аударатын мәселе. Өңірлердің өзіндік жобасы бар. Біздің жобамыз мен екі арада біраз арбитраж болып тұр. Сол себептен, алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмауға тырысу керек. Егер өңірлік бағдарлама кейбір жағдайлары бойынша, мысалы, несиені пайызбен беруі жеңілдетіліп, сұраныстың бәрі осы бағдарламаға келетін болса, онда сол өңірлерге қаржының бөлінуі басқаша шешілуі керек. Оны қосымша тағы талқыға салуға тиіспіз. Келесі жылы мұндай арбитраж болмауы керек», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал Тимур Сүлейменов микроқаржы ұйымдарының арта түсетінін мәлімдеді. Ағымдағы жылдың соңына дейін елімізде осындай 9 кеңсе ашылмақ. Олар Ақмола, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында орын тебеді. Ұлттық экономика министрі биыл қалалардағы микронесиелендіруге бөлінген қаржы 17 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Әзірге оның 11 милиард теңгесі игерілген. Осының арқасында бір мыңнан астам жоба қаржыланыпты.
«2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша салық органдарының мәліметіне сәйкес, 2017 жылы микрокредит алған бағдарлама қатысушылары 7,6 милиард теңгеге өнім шығарды. 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрды және сақтап қалды. Сонымен қоса, бюджетке 299 миллион теңге салық төледі. 2018 жылдың нәтижесі бойынша бизнестің салық есептілігі бағаланып, яғни экономикадағы бюджет қаражаты толық қолданылғаннан кейін тиімділік көрсеткіштері айтарлықтай жоғарылауы ықтимал», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Белгілі болғаны, алдағы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысындағы 3 мың қоныс аударушы отбасы баспаналы болмақ. Бұл үшін бюджеттен 15 миллиард теңге қаржы бөлінетін болады.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана