Astana hub стартаперлерге бірқатар жеңілдік ұсынбақ. Нәтижесінде, елдегі ІТ-компаниялардың капиталдандыруы 1 миллиард долларға дейін артады. Ал ақпан айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істеген технопарктің 140-тан астам жобасының бүгінде 24-і іске қосылып, 80 миллион теңге көлемінде инвестиция тартты.
Еліміздегі ІТ-индустрияға серпін беретін Astana hub технопаркінің жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайды. Бірегей ғимарат төрт қабаттан тұрады. Олардың әрқайсысының мән-маңызы бөлек. Мәселен, бірінші қабаты инкубация алаңы аталады. Мұнда бастауыш стартаперлер жайғасқан. ІТ саласында қандай да бір идеясы бар оларға жобаларын жетілдіру үшін бұл жерде жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Түрлі шеберлік сыныптар мен тренингтер ұйымдастырылады. Ворк-шоптар мен коворкинг орталықтар бар.
«Ғимараттың бірінші қабаты – бастауыш стартаперлер үшін оқу алаңы. Ал оң жағы – лекциялық залдар. Мұндай лекциялық залдарда ақпан айынан бастап ІТ саласындағы түрлі мамандарды шақырдық, олар өз дәрістерін, шеберлік сабақтарын жүргізіп, біздің стартаптарға кеңес берген», – деп ғимаратпен таныстырып өтті Astana hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің өкілі Марат ШАКЕН.
Ақпан айынан бері 7 мыңға жуық адам сондай дәрістен өткен. Ал екінші қабатта инвестиция тартып үлгерген стартаптар орналасқан. Осындай жобалардың бірі – клокстер. Жұмыс уақытын есептеудің бұлтты жүйесі бүгінде еліміздің 7 қаласында 164 локация бойынша орнатылған. Жүйе кәдімгі кестелеу сияқты. Бірақ жұмысқа келіп-кету бұрынғыдай қағазға қол қоюмен емес, саусақ ізі арқылы белгіленеді. Қызметкерлердің тәртібін жұмыс беруші ұялы телефондағы арнайы қосымша арқылы қашықтан бақылайды.
«Жүйе өте оңай орнатылады. Клиентке барып, планшетті орнатудың еш қажеті жоқ. Тауарды жібереміз. Ол индустриалды скотч арқылы қалаған жеріне жабыстырып, вай-фай желісі немесе ұялы телефоны арқылы жүйеге қосылады», – деді IT-компания директоры Ержан РЫСҚАЛИЕВ.
Ал Асхат Серғазин бизнеске ауадай қажет жобаны жасап шығарыпты. Мәселен, кәсіпкерлер серіктестерін таңдамастан бұрын, небәрі 3 минутта компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы олар жайлы ақпаратты тексере алады.
«Біз сенімділікті 40 түрлі көрсеткіш бойынша тексереміз. Мысалы, салығына, қанша адам жұмыс істейтініне, қандай соттар болғанына мән беріледі», – дейді IT-компания директоры Асхат СЕРҒАЗИН.
Astana hubтың үшінші қабатында R&D лаборатория орналасқан.
«Үшінші қабатта бізде негізінен ғылыми зерттеу лабораториялары орналасқан. Сол жерде Nokia, IBM, Cisco деген компаниялар өз ғылыми зерттеу орталықтарын құрған, олар біздің бүкіл стартабымызға қажетті көмектерін көрсетуге дайын», – деп түсіндірді Astana hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің өкілі Марат ШАКЕН.
«Негізі ақпан айынан бастап, біздің бүкіл шарамызға 6-7 мың адамдай қатысты. Өзіміздің қауымдастықта 1200 стартап жобаның және 147 жобаның адамдары бар», – деп атап өтті Марат ШАКЕН.
Мұнда Қазақстанның танымал алпауыт ІТ-компаниялары жайғасатын болады.
Astana hub жоғары технологиялы жобаларды қолдап, ел экономикасын бекемдеуге негізделген. 2022 жылға дейін бағдарлама аясындағы бірегей жұмыстарға 67 миллиард теңге қаражат құйылады деп жоспарлануда. Халықаралық деңгейдегі технопарктің жұмысын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жіті қадағалайтын болады. Басты ден жастарға қойылмақ. Ақылды, дарынды әрі талапты жастарға қолдау көрсетіліп, барынша жайлы жағдай жасалады. Мәселен, олар салықтық жеңілдіктер алып, жоба акселерациясы мерзімінде ЭКСПО аумағындағы пәтерлермен тегін қамтылады.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана