«Жастар жылы» бағдарламасына қомақты қаржы бөлінеді

11.10.2018 21:51

Келесі жыл – жастар үшін мүмкіндіктерге толы жыл болмақ. Себебі, Елбасы 2019-шы жылды «Жастар жылы» деп жариялады.

Аталған бағдарламаға 1 триллион 700 миллион ақша бөлінбек. Қаражаттың дені жаңа технологиялық білім алу жүйесіне және өндірістік кәсіпорындар ашуға жұмсалмақ. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелері мен жоғары оқу орындарының ректорлары Елбасының биылғы жолдауын жан-жақты талқылады.    

«Биылғы жолдау жан-жақты мәселелерді қамтыған. Еліміздің өсіп, дамып жатқанын осы жолдаудан-ақ көруге болады. Расымен де, еліміз 26 жылда көп жетістікке қол жеткізді. Дегенмен, жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, ары қарай алға жылжып отыратын, бәсекеге толы уақыт болғандықтан, елімізді датыма түсу үшін барлық факторларды іске қосу керек, соның ішінде, жастарымыздың алатын орны ерекше екенін естен шығармаспыз», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасы Рахман АЛШАНҰЛЫ.

Түрксіб ауданының мемлекеттік қызметкерлері, мұғалімдері және кәсіпкерлері де Елбасы жолдауын талқылады. Олар жолдауда айтылған міндеттерді орындау жоспарын да құрып қойған екен. Жиналғандар қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында түрлі тренингтер өткізіп, мектепке дейінгі балаларды оқытудың тәсілін өзгерту керектігін айтады. Сонымен қатар, кездесуде егде жастағы адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалу мәселесі көтерілді.      

«Алматы әкімі ардагерлердің жаттығу залына, бассейнге тегін қатысу үшін бюджеттен қаражат бөліп жатыр. Жалпы, қариялардың спортпен тегін айналысуы бізді қуантады. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Ғалия БАЙҚҰТДИНОВА.