Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Айтар уәжі бар тұрғындар жиналып, көкейде жүрген сауалдарын қойды.
Көзі нашар көретіндерге арналған қордың жетекшісі Александар Сапёлкин қоғамдық көлікте дыбыстық хабарлама айтылса деген ұсыныс айтты. Оған қоса, Бостандық ауданына қарасты Алатау ықшамауданының тұрғындары қалаға жете алмайтынын жеткізді. Себебі, шағын елдімекеннің тар көшелерімен жүретін автобус жоқ.
«Менің есебім бойынша, 629 автобуста, яғни 40 пайызында дыбыстық хабарлама жүйесі қойылған. Жыл соңына дейін біз тағы 90 қоғамдық көлікті мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықтаймыз. 2019 жылы көрсеткішті 70 пайызға жеткізсек, 2020 жылы 100 пайызға жетеді. Алматы облысында бұл аумақ ауыл есебінде саналып, бас жоспары болмаған. Сондықтан халық кез келген жерге үй салып, жолдарды тар етіп тастаған. Бұл мәселеден әкімдік хабардар. Тек көшелерде үлкен автобустар жүре алмайдықтан, сәйкесінше «Газель» сатып алудамыз. Жаңа бағыт ашып, 5 шағын жаңа автобусты Бостандық ауданына қарасты Алатау ықшамауданының тұрғындарына береміз», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала басшысының қабылдауына келгендер қатарында Алатау ауданындағы «Арыстан» базарын қайта жаңғыртудан өткізуді сұраған тұрғын болды. Сөзінше, сатып алушы ретінде жайлы, жарық әрі жылы жерде жүріп тауар алғысы келеді. Сондай-ақ, ескі базар ұсқынсыз көрініп, қаланың көркін қашырады деді. Одан бөлек, осы ауданға қарасты Көкқайнар ықшамауданының тұрғыны жол мәселесін айтты.
«Жалпы, Алатау ауданындағы Ақбұлақ, Қарасу, Көкқайнар, Ұлжан-2 ықшамаудандарындағы 150 көшені, яғни ұзындығы 41,1 км созылатын жолдарды жасайтын боламыз. Оған келер жылы 12 млрд теңгеден астам ақша қарастырылған. Ол үлкен қаражат. Жол бойынша енді Алматыда 173 үлкен жол салынды», – деді Бауыржан БАЙБЕК.