Алматы полициясы автобус ішінде қалта ұрыларын қолға түсірді

Алматы полициясы автобус ішінде қалта ұрыларын қолға түсірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қылмыстың ізі суымай ашылды! Алматыда қоғамдық көлік ішінде жолаушылардың қалталарына қол салып, қымбат телефонын қолды қылған ұрылар автобустан түспей тұрып ұсталды.

Полицейлер сұғанақтарды №45 бағыттағы қоғамдық көлік ішінен қолға түсірген. Кәмелет жасына әлі тола қоймаған қос күдікті адамға лық толы автобустан қанша телефонды қолды қылған? Жалпы қалада қалта ұрлығы неге азаймай тұр?

Жолаушылардың қалтасын қағып, оңай олжаға батқысы келгендерді тәртіп сақшылары бүгін таңғы тоғыздарда ұстаған. Кәмелет жасына әлі тола қоймаған бұл бозбалалар №45 бағыттағы автобус жолаушыларының қалтасын қаққан екен. Адамның көптігін пайдаланып, ішіндегі жас қыздың қымбат телефонын қолды қылыпты. Алайда, оңай олжалары өздерін орға жықты. Телефонын жоғалтқан қыз бірден сыртқа шығып, жанұшыра жылаған. Мұны жақын маңда жүрген жол сақшылары естіп, шұғыл көмекке келген.  

«Біз қоғамдық көлікті тоқтатып, есіктерін жауып, тексеріс жасадық. Екі күдікті азаматты ұстадық. Сол кісілерді жеке тексеру барысында бір күдіктінің қалтасынан ұялы телефон шықты. Жәбірленуші өз ұялы телефонын танып, көрсетті», – деді Алматы қаласы ПД жол-патрульдік полиция қызметінің аға сержанты Медет ЕСЕНАМАНОВ.

Қолға түскен қалта қаққыштардың екеуі де 18-ге толмаған. Тараздағы колледждердің бірінде оқитын студенттер Алматыға жұмыс барысымен келіпті. Тексеріс кезінде күдіктінің бірі бұрын да дәл осы телефон ұрлығы үшін істі болғаны анықталды. Қазір бозбалалардың үстінен «Біреудің мүлкін ұрлау» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жалпы, алып шаһарда қалта ұрлығы тыйылмай тұр. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда 2 мыңнан астам қалта ұрлығы тіркеліп, оның 73 пайызы ашылыпты.

«Негізі азаматтардың өзіне тікелей байланысты. Егер полицияға дер кезінде көмек сұрап жүгінсе, онда ізін суытпай ашуға мүмкіндіктері бар. Ал тәжірибе көрсеткендей, кейбір азаматтар үйіне барып оны отбасы арасында талқыға салып, біраз уақытты жоғалтады. Сондықтан осындай қылмыстар ашылмай қалуы мүмкін», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қалта ұрлығынан бөлек, қалада металл ұрлығы да тым көбейіп кеткен. Полицейлер қанша жерден тексеріс жүргізіп жатса да, алыпсатарлар ұрланған мүліктерді саудаға салуларын тоқтатпай отыр. Бүгін қаладағы металл қабылдайтын сондай орындардың бірінен 19 аккумулятор табылды. Алайда, сатушылар олардың тиісті құжаттарын көрсете алмады. Сондықтан сақшылар қуат көзін тексеру үшін түгел тәркілеп алды. Егер автокөліктің аккумуляторлары ұрланған болса, онда металл қабылдау пунктінің иесі мен жұмысшылары да қылмыстық жауапқа тартылмақ.


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров