Министр баспанасын кешіктіріп тіркегендерге айыппұл салмауды ұсынды

Министр баспанасын кешіктіріп тіркегендерге айыппұл салмауды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Әділет министрі Марат Бекетаев баспанасын кешіктіріп тіркегендерге айыппұл салмауды ұсынды. Ведомство басшысы бұл туралы Мәжілістің Үкімет сағатында «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» отырыста айтты.

Оның сөзінше, 2007 жылы қабылданған бұл норма ескірген. Осы уақытта елімізде жеке шаршы метрді заңдастыру бойынша екі акция өтіп, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданған.

«Нәтижесінде, соңғы жылдары осы құрам бойынша аздаған әкімшілік іс қозғалғаны байқалады. Осыған орай, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін өткізіп алғандығы үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады», – деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.

Мәжілісте жылжымайтын мүлік пен оның иесінің аты-жөнін қоғамға ашық ету мәселесі де сөз қозғалды. Кімнің қанша шаршы метрге ие екенін Ресей мен Грузия сынды елдер баяғыдан көпшілікке ашық ақпарат таратады. Депутаттардың «Бізде мұндай жүйе қашан болады?» деген сұрағына министр Бекетаев ақпараттық ашықтық Қазақстанға да келеді және оның шешімін блокчейн, жалпы ғаламтор жүйесіндегі серверлер толықтай қамти алады деді. Журналистер молдавалық Анатолий Статиге қатысты сот не болып жатқанында сұрап қалды.

«Статиге бір де бір тиын төленген жоқ. Өткен жылдың желтоқсанына қарағанда, сенімділігіміз артты. Бұл ұзын сонар процесстер. Лондон процесі Қазақстандағы жұмысы жайында Статиге қосымша құжаттар көрсетуді міндеттеген болатын. Бұл бізге оның алаяқ екенін тағы бір дәлелдеуге мүмкіндік берді. Сондықтан сенімділік те артты», – деді Марат БЕКЕТАЕВ.

Естеріңізге салсақ, Ұлттық қордың 23 миллиард доллар активі шетелде бұғатталған еді. Бұған Қазақстан үкіметі мен молдовалық кәсіпкер Анатолий Статидің арасындағы бірнеше жылға созылған сот процесі себеп. Бизнесмен Қазақстандағы мұнай мен газ саласына инвестиция салған соң, мемлекет оған тиесілі үлесті арзанға сат деп қысым жасады деп мәлімдеген еді. Алайда, ел билігі бұл айыптауды теріске шығарған.


Новости партнеров