Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып, қабағын жарып жіберген түрік азаматы қазақстандықтар мен жәбірленген ер азаматтан кешірім сұрады. Шетелдіктің видеоүндеуі әлеуметтік желілерде жарияланды.
«Мені түсінулеріңізді өтінемін. Осындай жағдай кез-келген ер адамның басына келуі мүмкін. Мен де әкемін, жолдасым және 5 айлық қызым бар. Олар Қазақстан азаматы. Менің бүкіл жұмысым Қазақстанда. 7 жыл болды осы елде тұрып жатқаныма. Менің жасаған қателігім үшін отбасымның қиналғанын қаламаймын. Сол үшін мені түсінулеріңізді өтінемін. Қазақстан халқынан және жедел жәрдем жүргізушісінен шын жүректен кешірім сұраймын», - дейді 27 жастағы Түркия азаматы.
Айта кетейік, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Николай Кучманы ұрған Әли Демир 18 қыркүйек күні ұсталып, қамауға алынған болатын. Алайда, кеше прокуратура оны кепілмен босатып жіберді. Ал, жәбірленген ер азамат қазір ауруханада жатыр. Оның қабағы жарылып, басынан ауыр соққы алғаны белгілі болды.