Жаңажылдық демалыс күндері елордада 90-нан астам қылмыс тіркелген. Олардың дені ұрлық-қарлық деректері.
Мереке күндері Астанада жол-көлік оқиғалары да көптеп орын алған. Темір тұлпарларын удай мас күйде тізгіндеген 13 жүргізуші ұсталды. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде, шаһардағы криминогендік жағдай тұрақты болды. Қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзетуге 2 мыңға жуық полицей мен ұлттық ұлан сарбаздары ат салысқан.
«Жасалған қылмыстардың басым көпшілігі: қалта ұрлығы, автокөліктің салондарын тонау қылмыстары. Осының бәрінің алдын алу үшін жаяу патрульдің саны көбейтіліп, көшеде адамдардың қолайлы және алаңсыз қыдыруына барлық жағдай жасалған. Статистикаға келетін болсақ, 31 желтоқсаннан бастап бүгінгі күнге дейін 90-нан астам криминалдық сипаттағы құқықбұзушылық тіркелген», – деді Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.