«Дін тұғыры және ілім қайнары». Астанада дәл осындай атаумен көрнекті дінтанушы Ержан хазрет Төлегенұлының шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Атаулы шараның бастамасы осыдан бірер күн бұрын ғұламаның туған жері – Маңғыстау облысынан бастау алған. Шараның діттейтіні – асыл абыздың қолжазбаларын насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Елордаға сонау Маңғыстау облысынан ат терлетіп келген ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының қызметкерлері сүбелі ой, саралы пікірлерін ортаға салды.
Конференцияда Ержан хазрет Төлегенұлының соңғы табылған қолжазбасы таныстырылды. «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» кітабы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шыққан. Араб тіліндегі қолжазбаны белгілі әдебиеттанушы, қазақ халқының жыр дәстүрін зерттеуші Қабиболла Сыдиықов зерттеп, қазақ тіліне тәржімалаған. Өсиеттер топтамасы дәл осы ғалымның жеке қорынан табылыпты. Әзірге 2 мың данамен шыққан кітапты болашақта көбейтіп басу көзделіп отыр. Себебі, өткен ғасырда жазылып кеткен бұл қолжазба бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет дейді конференцияға қатысушылар.
«Ержан хазрет тек діндар, бала оқытушы ұстаз ғана емес, 4 тілді жетік білген ғалым да. Оның ішінде араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жете меңгерген азамат болған. Ержан хазрет Төлегенұлының білімділігі сондай, ол өзінің артындағы ұрпақтарға заманның тар уақытында ұрпаққа үлкен мұра қалдыру үшін өз қолжазбаларын араб және шағатай тілдерінде жазып кеткен. Қолжазбалардың құндылығы сондай, қазіргі уақытта біздің жас ұрпаққа ауадай қажет», – дейді Маңғыстау облысы Мәдениет басқармасының басшысы Пәния САРМҰРЗИНА.
Бұдан бөлек, шарада Ержан Хазреттің «Өсиетнама» және «Иманшарт» туындылары да кеңінен талданды. Анықталғандай, бұл шағатай тілдерінде жазылған әдебиеттердің соңғы үлгілері. Аталған тіл өткен ғасырдың 70-80 жылдарында өмір сүруін тоқтатқан болатын. Сондықтан ғалымдардың айтуынша, бұл құнды жәдігерлер қолға тиіп, рухани қазынамызды молайтып отыр.
«Ержан хазрет Төлегенұлының «Өсиетнама» кітабында көбіне-көп өзінің ұрпақтарына аманат ретінде айтқан сөздері келтірілген. Ал «Иманшарт» атты кітабында дәстүрлі иманшарт кітаптарында кездесетін иманның шарттары, негіздері, тақуалықтың жолдары, сопылық тарихат жолында қандай зікірлер салынуы керек. Қандай қосымша құлшылықтар жасалуы керек. Солардың бәрі негізделіп, тәптіштеліп түсіндірілген», – деді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ.
Бүгінде Ержан Хазіреттің еңбектері ел ғалымдарының зерттеу нысанына айналған. Дінтанушы, теологтар қазіргі медреселердің шәкірттерін шағатай тілін жетік біліп, оны аудара алатындай деңгейге жеткізу қажеттілігін баса айтты. Бұл Ержан Хазіреттің әлі де тәржімаланбаған қолжазбаларын тануға мүмкіндік береді.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана