«Ана тілім-ардағым». Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында осындай атаумен ауқымды іс-шара өтті. Думанды кеште мемлекеттік тіл саясатын дамытуда жыл бойы белсенді атсалысып жүрген мамандар марапатқа ие болды. Сыйлықты қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев тапсырды.
Айта кетейік, тиісті басқарма жалпы этнобірлестіктер, жастар мен тілшілер арасында түрлі байқаулар ұйымдастырып тұрады. Жыл басынан бері осы тектес жарысқа 400-ден аса адам қатысқан. Байқауды ұйымдастыру мақсатында 150-ге жуық адам уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
«Бүгінгі дәстүрлі «Ана тілім – ардағым» атты Қазақстан халқының тілдері күніне орайластырылған іс шарада жыл бойы өткізілген іс-шаралардың қорытындылары шығарылады. Өйткені, мемлекеттік тіл саясаты бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Негізгісі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру», – деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт ҚАЛЫМБЕТ.
«Бүгінгі тілге арналған мереке – үлкен мереке. Елімді, халқымды осы мерекеменен баршасын құттықтаймын. Өйткені, тіл деген ол ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбатты дүниесінің құнды қоймасы құндылықтарының. Сондықтан да бұны ерекше қадірлеуіміз керек. Қастерлеуіміз керек. Тіл жоқ болса, ұлт та болмайды», – деді қоғам қайраткері Асылы ОСМАН.