Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Сербия Республикасының орденімен» марапатталды. Сербиядағы ең жоғары деңгейдегі төсбелгіні аталмыш елдің басшысы Александр Вучич тақты.
Құрметті мейман өзін жеке қарсы алған Президентке алғысын білдіріп, алдағы уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі жанданатынына сенім білдірді. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Александр Вучичті «Достық» орденімен марапаттады. Сонымен қатар, ресми сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына және ертең Астанада бастау алатын VI-шы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы жоспарланған.
«Бұл сапарыңызды қарым-қатынастарымызды одан ары ілгерілету үшін пайдаланамыз деп ойлаймын. Елдеріміздің бизнесмендерінің форумы өтіп, тиісті құжаттарға қол қойылады. Премьер-министрмен кездесесіз. Қазақстандықтар өз тарапынан Сіздің еліңіздегі инвестициялық жобаларға қатысуға дайын. Бұл сапарыңыз біздің ынтымақтастығымызға табыс әкеледі деп ойлаймын», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Айта кететін жайт, енді екі ел Үкіметтері де бірлесіп қылмысқа қарсы күрес жүргізеді. Ол үшін еліміздің Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және спорт министрлігі арнайы меморандум түзбек ниетте.
Жалпы, осы жылдың алты айында Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 16,7 млн АҚШ долларын құраған. Қазақстан нарығында жиырмадан астам сербиялық компания тіркелген. Олар көбінесе көтерме және бөлшек саудамен, тұрғын-үй мен коммерциялық нысандардың құрылысымен айналысады.