Жедел жәрдем қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – қоғамның ортақ мәселесі

Жедел жәрдем қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – қоғамның ортақ  мәселесі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жылына 900 мыңға жуық адам жедел жәрдем көмегіне жүгінеді. Талай жанды өлімнен арашалап қалуға сеп болып жүрген осы қызмет мамандарына қатысты айтылатын сын да көп. Алайда, жедел жәрдем қызметкерлерінің өзі де кейде қауіп-қатерге тап болып жататын жайттар аз емес екен. Осы орайда, олардың қауіпсіздігіне кім жауапты деген сауал туындайды.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар соңғы кезде көбейген. Осы жылдың өзінде Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне 4 рет шабуыл жасалыпты.  

Қоғамда үлкен резонанс тудырған мысалдың бірі жақында ғана соққыға жығылған Николай Кучмаға қатысты болған жағдай. Естеріңізде болса, 18 қыркүйекте дабыл белгісін қосып, науқасты тасымалдап келе жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін әлдебір азамат жол үстінде аямай сабап тастаған еді. Жеңіл көлік мінген жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермеген. Ақыры ашуға мінген ол «103» қызметінің жүргізушісіне жолдың қақ ортасында жұдырық ала жөнелген. Соққыдан жедел жәрдем жүргізушісінің қабағы жарылып, бірнеше жерінен жарақат алды.  

«Мен ол көліктің алдын кескенім жоқ. Екі аралықта орын болғандықтан солай қарай жүрдім. Өйткені, көлікте жедел ота жасалуы тиіс науқас болатын. Жас жігіт бір жаққа асықты ма немесе ашулы болды ма білмеймін. Ол жедел жәрдем көлігін айналып өтіп, бірнеше рет алдымды орады. Кейін тіпті, алдыма тұрып алды. Еш негізсіз, өзі келіп мені ұра бастады», – деді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясының жүргізушісі Николай КУЧМА.

«103» қызметінің көлік жүргізушісіне күш көрсеткен жігіттің Түркия азаматы екені анықталып, ұсталды. 28 жастағы жігітке бұзақылық жасағаны үшін айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Алайда, Николай Кучма өзін ұрып-соққан азаматқа кешірім беріп, бұл іс екі жақтың татуласымен аяқталды. Мамандар соңғы кезде дәрігерлердің өздеріне шабуыл жасайтын деректердің көбейгенін айтады. Өкінішке қарай, фельдшерлер ешқандай қорғаныссыз дейді станция бастығы.  

«Өкінішке қарай, ондай жағдайлар жиі орын алып жатыр. Биыл 2018 жылы 4 жағдай тіркелді. Қорғану мәселелері №453 бұйрықта жазылғанымен, қалай екені қарастырылмаған. Егер жедел жәрдемге келген фельдшерге бір қауіп төнген жағдайда, ол көмекке полиция қызметкерлерін шақырып, солардың қатысуымен жағдайды баяндауы керек деген пункт бар. Ал өзіне қауіп төнген жағдайда біздің дәрігерлеріміз машинаның есігін жауып, өзін-өзі қорғауы тиіс», – деді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Сәбит ПАЗЫЛОВ.

«Медицина қызметкерлері халыққа, науқастарға көмек көрсетуге арналған қызмет болғандықтан, бізде қандай да бір қарудың түрін алып жүру әрине, орынсыз болады», – деді Алматы қаласы Медициналық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан ЖАКЕШБАЕВ.

Қару алып жүру еш қисынға жатпайды деген мамандар арнайы қызметтердің қауіпсіздігі – қоғамның ортақ мәселесі деп санайды. Сондай-ақ, Алматыдағы жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп-қатерден басқа да кедергілер бар көрінеді.  

«Бізде қазір тұрғын үй кешендерінің көбінде шлагбаум бар. Немесе көпқабатты үйлердің алдына көлік қойып тастайды. Жедел жәрдем шақырған науқасқа әр минут, әр секунд қымбат. Тұрғындарға айтатыным, әсіресе, көпқабатты үйлердің алдына көлік қойған кезде, бұл жерге бір адам сырқаттанып, жедел жәрдем шақыртып қалуы мүмкін деген ойды қаперде ұстаса екен», – дейді Сәбит ПАЗЫЛОВ.

Алматыдағы Медициналық жедел жәрдем станциясында 177 бригада жұмыс істейді. Оның 10-ы реанимациялық, 23-і қарқынды терапия, 19-ы педиаторлық, 25-і дәрігерлік және 100-і фельдшерлік бригадалар. Олар тұрғындардың санына байланысты 10 шағын станцияға бөлінген. Қоңыраулар алдымен диспетчерлік орталыққа түседі. Сондағы аға дәрігерлер науқастың жағдайына қарай санатын анықтап, ары қарай қай шағын станциядан қандай бригада баратынын шешеді.  

Қала бойынша жұмыс істейтін 10 шағын станция Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығыс аймақ болып 4-ке бөлінеді. Жедел жәрдемнің әр көлігіне JPS жүйесі орнатылған. Яғни, диспетчерлер арнайы бағдарлама арқылы әр көліктің қайсысының бос, қайсысының тиісті орынға жеткенін көріп отырады.  

Жедел жәрдем қызметіне жалған хабарламамен немесе негізсіз қоңырау шалатындар да аз емес екен. Әсіресе, мереке және демалыс күндері араққа сылқия тойып алып, ерігіп те қоңырау шалатындар бар деп қынжылады мамандар.

«Қарауымызға шағын аудандар қосылып жатыр. Сондықтан шақыртуларды үздіксіз қабылдап жатамыз. 1 минут та бос отырмаймыз. Кейде шақырту көп болғандықтан қоңырауды қабылдай алмасақ, жұрт бізге айғайлап ұрсып, реніш білдіріп жатады. Тіпті қарғап-сілеп жататындар да кездеседі. Біз бәріне жәймен түсіндіруге тырысамыз, шыдаймыз. Өйткені, жұмысымыз сондай», – дейді диспетчер Әсел АСҚАРҚЫЗЫ.

103 қызметінің жұмысына кедергі келтіретіндерге қандай да бір жаза қолданылса дейді дәрігерлер. Алдағы уақытта осы мәселе жөнінде тиісті орындарға ұсыныстар тастамақ.  

«Жедел жәрдем қызметкерлерінің құқығын қорғау немесе қауіпсіздігін қорғау – баршамызға ортақ мәселе. Сол себепті, қандай да бір айыппұл төлету немесе тәртіпті жаза қолдану жағын қарастырса, артық болмас еді. Физикалық күш жұмсаудан басқа, балағат сөз айтып, жұмысқа кедергі жасау да үлкен қиындықтар туғызады», – деді Медициналық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан ЖАКЕШБАЕВ.

Алматыдағы жедел жәрдем станциясында 12 диспетчер күніне 3 мыңға жуық қоңырау қабылдайды. Бір тәулікте әр диспетчер 300-ден 500 адамға дейін көмек жібереді. Шақырылымдар әсіресе, күз, қыс мезгілдерінде және жазда жеміс-жидек шыққан кезеңде жиілейді дейді. Алайда, шақырғандардың бәріне бірдей бригада жіберіле бермейді.  

«Бір сөзбен айтқанда, жедел жәрдемді көшпелі емханаға айналдыруға болмайды. Көп адамдар күнделікті келіп қан қысымын немесе температурасын түсіріп кеткенімізді, болмаса аурудуды басатын дәрі салып кеткенімізді қалайды. Ол үшін біріншіден, емханалар бар. Екіншіден, адамдар өздері уақтылы қаралып тұруы тиіс. Біреудің қан қысымын өлшеп жүргенде, басқа жақта қиын жағдай болып қалуы мүмкін», – дейді Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері.

Қуантарлығы, Алматыдағы транспорт жүйесіндегі өзгерістер жедел жәрдем қызметіне де пайдасын тигізіп жатыр екен. Бұрын жедел жәрдем 1-ші санатты шақырылымға 18 минутта жететін болса, қазір ол уақыт 12 минутқа дейін қысқарған.  

«Бүгінде жедел жәрдем көліктерін сары түске боядық. Олар арнайы сигналдармен және жарықтармен қамтамасыз етілген. Сондықтан шақыртулар 1-ші, 2-ші, 3-ші санатты жедел жәрдем түрлеріне бөлінеді. Сондықтан қандай жағдай болмасын жүргізушілерге айтарым, сары түске боялған машина келе жатқан жағдайда әр минуттың қымбат екенін, сондықтан жедел жәрдем көліктеріне жол беруге шақырамын», – деді Сәбит ПАЗЫЛОВ.

Өкінішке қарай, қара басының ғана қамын ойлап, дабыл қағып келе жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермейтін жүргізушілерді де жиі көреміз.

Алайда, сол жедел жәрдемде ертең өзімізге не жақынымызға шұғыл көмек керек болса, әр минут маңызды болуы бек мүмкін.  


Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров