Биыл еліміздің 30 спортшысынан допинг табылған

01.11.2018 22:11

Соңғы он айда елімізде 30 спортшыдан допинг табылған. Халықаралық ұйымдардың сынамалық сынағынан өте алмаған спортшылардың бәрі әлемдік деңгейдегі додаларға қатысып келген.

Ал Парламентте қаралып жатқан жаңа заң жобасы қабылданса, допинг қолданған спортшылар атағынан ғана айырылып қоймай, ақшалай алған сыйақыларын, үй, көлік сынды мүліктерін де түгелдей мемлекетке қайтарады. Егер споршыға үй берілсе, ол баспанасын он жылға дейін жеке меншігіне аудара алмайды. Өйткені, халықаралық ұйымдардағы допинг сынамалары он жылға дейін сақталады. Осы он жылдың ішінде дауға ілінбесе ғана берілген пәтерін спортшы толықтай жекешелендіре алады. Әкімшілік жазалардың бұл түрін спортшының жаттықтырушыларына да бірдей қолдану ұсынылған.  

«Заң жобасында допинг анықталған спортшыларға да, оларды допинг пайдалануға итермелеген жаттықтырушыларға да қарсы  әкімшілік жаза тағайындалсын деген ұсыныс бар. Егер спортшы допингпен ұсталса ол ҚР құрама командасының сапынан шығарылады. Екіншіден, барлық жарыстардан шеттетіледі. Үшіншіден, өмір бойы жалпы спорттан шеттетілуі мүмкін. Сонымен қатар, олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиададан алған сыйақыларын мемлекет қайтарып алады. Бір қызығы, допинг қолданысы олимпиадалық емес спорт түрлерінен де табылды. Паурлифтингпен, спорттық балық аулаумен айналысатындар арасынан да допинг анықталып жатыр», – деді ҚР Спорт және мәдениет министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан ТОҒЫМБАЕВА.

Семинарда допингтен сақтану мен оны анықтаудың жолдары да көрсетіліп, еліміздегі 14 жастан асқан спортшыларға статистикалық талдау жасалды. Жалпы, еліміздегі допинге қарсы орталық жыл сайын 3 мыңға жуық биосынама жинап, Германиядағы мамандар арқылы сараптама жасап келеді. Парламентке ұсынылған жаңа заң жобасы қабылданса, тыйым салынған затты қолданған спортшыға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл да салынады.