Жыл басынан бері 2 мыңға жуық астаналықты ит қауып алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері мыңдаған астаналықты қаңғыбас иттер қапқан. Елордалық ветеринарлық инспекторлар мәселені шешудің заманауи тәсілдерін ұсынып отыр. Ал ит пен мысықты қараусыз қалдыратын жауапсыз жандарды жауапкершілікке тартудың амалдары қандай?

Астаналық Айтхан Хасеновты қаңғыбас ит талай жаздады. Жеке үйлер секторындағы кеңсеге жұмыс бабымен барған ол көшеде иттен қорқып, өте алмай тұрған әйелді байқайды. Көмектеспек болған сәтте, азулы қолынан шап берген.

«Итті қуып жатқанымда, қолымды қауып алды. Алақаныма тістері өтіп кеткені соншалық, азуынан қолымды әрең дегенде жұлып алдым. Мен қорыққанымнан бірден көлігіме отырып, ауруханаға бардым. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетіп, алты бірдей ампуламен екпе жасады. Барлық ықтимал қауіп-қатерді түсіндірді. Енді мен дәрігерлердің жіті бақылауындамын», – дейді астаналық тұрғын Айтхан ХАСЕНОВ.

Ал Айтхан Хасенов ұшыраған оқыс оқиғадан кейін екі күн өтісімен жарияланған бейнежазбада бір үйір қаңғыбас иттен әрең қашып құтылған азаматша жануарларды телефонына түсіріп алған. Анықталғандай, жыл басынан бері 2 мыңға жуық астаналықты ит қапқан. Бірнеше адамға иесіз мысықтардың да тісі батқан. Зардап шеккендердің дені – 5 пен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер.

«Бүгінде ит пен мысықтан зардап шеккен 1885 адам вакцинацияның толық курсынан өтті. Сондықтан олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл иттен жұғатын аса қауіпті дерт – құтырмадан тек екпенің көмегімен ғана сақтануға болатынын дәлелдеп отыр. Себебі, аталған вирустың емі әлі табылған жоқ. Сол себепті, егер сізді ит қапса немесе мысық тістеп, тырнаса, бірден жақын маңдағы жарақат бекетіне баруларыңызға кеңес беремін», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Белгілі болғаны, биылғы жылы Астанада құтырмаға шалдығу дерегі бойынша 10 зерттеу жүргізілген. Десе де, адамдарға шабуылдаған ит пен мысықтың 70 пайызы – иесіз, яғни көшеде қалған жануарлар. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары олардың көп шоғырланған аймақтарына арнайы талдау жүргізген. Астанада ит қабу фактілері әсіресе, Алматы ауданында көп тіркелген. Яғни, нақты деректердің 40 пайызы осы ауданға тиесілі.

Одан кейін 32 пайыз көрсеткішпен Сарыарқа ауданы тұр. Ал адамға шабуылдау фактісінің 11 пайызы Есіл ауданында орын алған. Қанғыбас жануарларды аулаумен елордада жалғыз «Астана ветсервис» кәсіпорны айналысады.

«Жануарларды ұстауға арналған тырп еткізбейтін пневматикалық винтовкаларды, тор мен ілгектерді қолданамыз. Келер жылдан бастап, арнайы қақпандар орнатуды көздеп отырмыз. Оның ішіне жем қойып, жануарларды алдап түсірмекпіз. Қанатты жоба жемісін берсе, бұл торларды қаланың әр ауданына көптеп қоямыз», – деді «Астана ветсервис» КММ директорының орынбасары Медет ҚЫЛЫШБАЕВ.

Биыл кәсіпорын бригадалары 4 мыңнан астам қаңғыбас жануарды аулаған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге қаржы бөлініпті. Мамандар жұмыс, әсіресе көктем мен қыста қыза түсетінін айтады. Бұған көп кезекте, иттерді жаз бойына саяжайларда ұстап, кейін далада тастап кететін жауапсыз иелер кінәлі көрінеді.

Ауланған мыңдаған ит пен мысық қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға арналған орталықты екі ай бойы паналайды. Оларды асырап аламын деушілер табылмаған жағдайда, жануарлар ұйықтатылып, кремацияға жіберіледі. Бұл ретте, төрт аяқтыларды алып, кейіннен далаға аяусыз тастап кете баратындарды қатаң жазалау керек дейді халық қалаулылары. Осы ретте ветеринарлық инспекция мамандары Астанадағы әр аулаға барып, үй жануарларын чиптеуді ұсынып отыр. Осының арқасында жауапсыз қожайындарды болашақта заңмен жазалауға мүмкіндік туады.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров