Сағынтаев әкімдерге азық-түлік бағасын қадағалауды тапсырды

Сағынтаев әкімдерге азық-түлік бағасын қадағалауды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановты 1,5 миллиард теңгені тұрақтама қорында бостан-босқа ұстап отырғаны үшін сөкті. Үкіметте инфляциядан кейін бағасы күрт өскен азық-түлік, жанар-жағармай мен жол жүру ақысы сөз болды. Сонымен қатар, жиында денсаулық сақтау саласын жақсарту туралы да айтылды. Осы ретте келесі жылдан бастап препараттар бағасын мемлекет қадағаламақ.  

Аймақтардағы азық-түлік бағасына кезекпен тоқталған әкімдердің ішінен Астана қаласының басшысы Бақыт Сұлтанов сөзге қалды. Елордада көкөніс арзандаған, қант пен күріштің құны 21 пайызға артқан. Қала әкімі Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің 940 мың тоннадан 770 мың тоннаға түскенін айтты. Алайда, оны арттыру үшін 1,5 миллиард теңге арнайы қорымыз да бар деген Бақыт Сұлтановтың сөзін Үкімет басшысы бөлді.        

«Тағы да қайталап айтамын. «Инфляция көрсеткіші жоғары, азық-түлік тауарларының бағасы өсуде, сақтандыру қорының депозитінде 1,5 миллиард қаржы бар» деп өзіңіз айтып өттіңіз. Ал Маңғыстау облысы қордың депозитінде ақша жоқ, есесіне, бағасы да өсіп жатқан жоқ деп отыр. Оны, 1,5 миллиард теңгені несіне ұстап отырсыздар? Баға өсіп жатыр, инфляция кетіп жатыр. Жылдың аяғы келіп қалды. 1,5 миллиард теңге игерілмей, бостан-босқа жатыр», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жылдық өлшемдегі бағаның қатты өсуін 38,2 пайызға артқан дизель отынынан, қызылшаның 18 пайызға, қырыққабаттың 16 пайызға, тас көмірдің 15,2 пайызға және қала сыртына қоғамдық көлікпен қатынаудың 18,1 пайызға артқан бағасынан байқауға болады. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасы 0,7 пайызға өскен. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше бұған жыл басынан бері 3,3 пайыз құраған инфляция себеп болған.

Бақытжан Сағынтаев әкімдерге тауар бағасын жіті қадағалауды тапсырды. Жыл басынан бері тегін дәрі-дәрмекке қолы жетпегендерден 3 мыңнан артық шағым келіп түскен. Себеп – препаратты сатып алуды дұрыс жоспарламау мен таратудағы шикілік. 2016-17 жылдары он бір өңірде барлығы 4,3 миллиард теңгені құрайтын дәрілік заттардың қалдықтары анықталған.

«Мемлекеттік бағдарламада көзделген азаматтарды дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналарды қамтамасыз етеді: барлық тегін дәрі-дәрмек беру дербестендірілген электрондық есепке алынады, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмекке бағаларды реттеу жүйесі әзірленіп, оны іске қосу және дәрі-дәрмекті ілкі қадағалау жүйесі енгізіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Бақытжан Сағынтаев аймақтардағы ем-дом мекемелерін заманауи құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиында «Жасыл экономика» жайы да талқыланды. Энергетика министрлігі қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізбек ниетте екен.

«2018 жылы министрлік ӨКМ операторына 3,2 миллиард теңге мақұлдады, оның 30-40%-ы тиісті инфрақұрылымды дамытуға: контейнерлер, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, қоқыс шығару машиналарын сатып алу және орнатуға, қалған 60-70%-ы қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге бағытталды. Аталған қаржылық мүмкіндікті барлық өңірлер пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан әкімдіктер ӨКМ операторымен өзара әрекетті күшейтуі қажет», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Министр тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау үшін контейнерлер мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерін ашуға әкімдіктер көмек көрсету керегін айтты. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров