|
24.10.2018 | 15:30
10430

Биыл Алматыда көмір тапшылығы болмайды – басқарма

Биыл Алматыда көмір тапшылығы болмайды – басқарма

Алматылықтар қыста қара отыннан тарықпайды. Биылғы жылу маусымында мегаполис тұрғындары үшін 120 мың тонна көмір сатып алынбақ. Қалалық кәсіпкерлік басқармасының мамандары көмір артылмаса, тапшы болмайды деп сендіріп отыр. Өзге аймақтардан келетін көмірдің бағасы мен сапасы қандай?

Алматыдағы көмір сақталатын 9 базаның бәрінде де қазір қызу жұмыс. Мұнда күн сайын Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысынан вагон-вагонымен қара отын келіп жатыр. Бүгінге дейін 80 мың тонна сатып алынса, қазан-қараша айларында тағы 40 мың тонна көмір аламыз дейді қалалық кәсіпкерлік басқармасындағылар. Айтуларынша, өткен жылы мегаполистегі көмірге сұраныс 100 мың тоннаны құраған. Былтырғыдай талас-тартыс болмасын деп биыл артығымен алып жатырмыз дейді. Өткен қыс қаһарлы болған соң ба, биыл тұрғындар маусым айынан бастап қысқа қамдана бастаған. Бүгінде қалалықтардың 85 пайызы көмірмен қамтамасыз етіліпті.

«Көмір негізінен Қарағанды облысы, ШҚО, СҚО-дан келеді. Және күнделікті біздің базаларға 200-ден 1500 тоннаға дейін келеді. Сапасы өте жақсы. 9 базамызда көмір жеткілікті. Қазірден бастап алуға мүмкіншілік бар. Ешқандай жетіспеушілік, ажиотаж жоқ», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасы сауда-саттық бөлімінің басшысы Ерлан ОМАРОВ.  

Көмірдің 1 тоннасының бағасы сапасына қарай 12 мың мен 16 мың теңгенің арасын құрайды. Үш өңірден: Шұбаркөл, Қаражыра, Жалын мен Майкүбі көмірлері әкелініп жатыр. Қара отынның бұл төрт түрі де жақсы жанады әрі қалдығы аз дейді мамандар. Ал 8 мың тоннадай көмір қорда тұр. Қазіргі уақытта қара отын сатып алып жатқандардың басым бөлігі облыс тұрғындары екен. Қараша халық көмір базасына өз көлігімен келіп, керекті отынын ала алады. Ақысын төлесе жеткізіп те береді.

«Күніне екі-үш рейс шығамын. Облысқа апарамыз, Шілікке жеткіземіз. Қай жаққа клиент шығады, сол жаққа жүре береміз. 4-5 тоннадан, клиент қанша тапсырыс береді, сонша апара береміз. Екі-үш сағатта жетіп барамыз», – дейді жұмысшы Ерғали НҰРЛЫБАЕВ.

Алматыдағы 9 көмір базасының сегізі – Түрксіб ауданында, біреуі Жетісу ауданында орналасқан. Аптаның 7 күнінде таңғы сағат 9 дан кешкі 7-ге дейін осы жерге келіп, керек отыныңызды алып кетуіңізге болады. Ал көмірдің бағасы биыл тұрақты болмақ. Кәсіпкерлік басқармасындағылардың айтуынша, қыс келіп қар түскенде де көмірдің бағасы еш өзгермейді.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир