Алматының іргесінде тағы бір тау-шаңғы кешені ашылды. Облыс әкімінің айтуынша, «Ойқарағай» демалыс орны Елбасының туризмді дамыту тапсырмасын орындау жолында жасалған жұмыстардың бірі.
Инвесторлардың айтуынша, көлемі Алматыдан екі есе кіші болса да Қырғызстандағы Бішкекте қысқы туризм орындарының саны сегіз. Таңдау мен бәсекелестіктің көбеюі құнның да көтерілмеуіне көмек болмақ. Ал алып Алматының іргесінде жаңадан ашылған қысқы демалыс орындарының саны осымен үшеуге енді ғана жетті. Олай болса, Алматыдан 25 шақырым жердегі демалыс орны қарапайым демалушылар үшін қаншалықты қолжетімді?
Бесқайнар ауылының бас жағында, беткейде орналасқан «Ойқарағай» орнының аумағы 85 гектар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған аумақ күніне бес мың адамды қабылдай алады. Тарифтерге тоқталсақ, оқушының бір күн тепкені бес мың теңгеден, ал ересектердің шаңғыны жалға алып, аспалы жолды пайдалануы 10 мың теңгеден аспайды.
«Сырғанақ жолындағы ең ұзын трасса – 1200 метр. Қазіргі сәтте біз келе жатқан аспалы жолдың ұзындығы – 904 метр. Ең биік нүктеміз теңіз деңгейінен 1820 метрде орналасқан. Балаларға арналған оқыту мектебін де аштық. Басты талабымыз – халықаралық талапқа барынша талпыну», – деді «Ойқарағай» тау-шаңғы демалыс кешенінің бөлім басшысы Майя ЛЕОНОВА.
Қысқы туризмді дамытуға қызыққан отандық кәсіпкерлер 30 миллиард теңгедей қаржы құйған. Бірақ стандартқа сай болу үшін жасалатын жұмыс әлі де көп дейді әкімшілік. «Қардың жұқалығы, ақылы аспалы жолда адамдардың кезегін көп күтуі, құралдар жалға берілетін жерлердегі қызмет сапасының кемдігі сынды жұмыстар көңілден шықпады» деді келушілер. Ал жергілікті билік курорт аумағына газ тартып, бұзылған көлік жолын жамап берген.
«Алакөлдің бойында бір жылдың ішінде 1 млн-нан астам туристер келіп кетті. «Шарын» шатқалы, таулы жерлер, Көлсайдай көлдеріміз бар. Сондай жерлердің бәрін қосқанда, 2 млн-нан астам турист келіп кетті. Таулы кластер қосылғаннан кейін енді жыл сайын 4 млн-нан астам турист келеді деген ойдамыз», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.
Курортта шаңғы және скейтбордпен ғана емес, үрлемелі баллондармен сырғанауға да мүмкіндік бар. Екі нүктеден қатынайтын 4 шақырымдық аспалы жол тартылған. Алматыдан демалыс аймағына дейін арнайы автобус қатынайды.
Қарағайлы, шыршалы тау арасындағы демалыс орнында 15 трасса салынған. Кәсіби, әуесқой шаңғышыларға арналған жолдардың жалпы ұзындығы – 13 шақырым. Құны қолжетімді, демалуға жайлы болғандықтан, ашыла сала осында ағылған адам саны бір күнде 3 мыңнан асып кеткен. Туристер ағынын арттырып, қызмет сапасын жақсарту үшін сырғанау жолын алдағы екі жылдың ішінде 40 шақырымға жеткізу көзделіп отыр.
Алматыдан көлемі екі есе кіші болғанына қарамастан, тек бір Бішкектің айналасында қысқы туризмге арналған 8 курорт бар. Бәсекелес орындардың көп болуы бағаның өспеуіне кепіл. Ал облыс әкімінің айтуынша, Қаскелеңнен Таутүрген арасындағы жүз шақырымнан астам жер – туризмді түлетуге таптырмас орын. Сондықтан осы маңдағы шаңғы трассасын екі жүз шақырымға дейін жеткізу жұмыстары жүргізіле бермек.
Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы