Алматының мың жылдығын ғылыми түрде дәлелдеген ғалым дүние салды

23.11.2018 23:30

Қазақ ғылымы қара жамылды. Өмірін ғылымға арнаған, академик-археолог, ғалым Карл Байпақов 78 жасында қайтыс болды.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының хабарлауынша, Карл Байпақов қарашаның 22-сі күні кешке сырқаттан көз жұмған. Байпақов 1940 жылы Алматы облысының Талғар қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүріп-ақ, археологиялық жұмыстарға белсене араласқан.

«Қазір сеніммен мерейтойды бастап, Алматының мың жылдығын тойлауға болады. Бұл біздің алматылықтар үшін тарихымызды тереңірек тануға мүмкіндік береді», – деген еді ғалым көзі тірісінде (бейнеқор).

Бұл марқұмның Алматыға 1 мың жыл толғанын ғылыми негізде дәлелдеп, күмән келтірушілерге ескі шаһардың тарихын тәптіштеп түсіндірген, тағы бір белесті бағындырған сәтінде берген сұхбаты болатын. Тарих қойнауына кеткен уақыт пен табылған жәдігерлер қажырлы қайрат, ерінбес еңбек, нақты дәлелдерді қажет етсе, бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, археологиялық эпспедицияға жігер мен жеңіс әкелу Байпақовтың бойында бар еді дейді бірге жұмыс жасаған әріптестері. Өйткені, ол бұл қасиеттерді ұлы ұстаздарынан сіңірген.

«Карл Кемал Ақышев ағамыздың, Әлкен Марғұланның шәкірті болды. Карл Молдахметұлы Байпақовтың ғылымға қосқанбасты үлесі – ол Қазақстанның орта ғасырлық қалаларын зерттеді. Ешкіммен ешқашан қатты сөзге барған адам емес. Өте мәдениетті, мінезі жұмсақ, достарына сондай адал адам болды», – дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология нститутының бас ғылыми қызметкері Қайнар АЛДАЖҰМАНОВ.

Ол Қазақстан мен Орталық Азияның орта ғасырлық тарихын зерттеп, Отырар қаласы, Қостөбе қорымы, Қойлық қалашығындағы буддистік храм сияқты көптеген тарихи ескерткіштерге зерттеу жүргізген. Археология инститының мұражайындағы құнды жәдігерлердің бәрі Карл Молдахметұлының археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттар. Байпақовтың ең үлкен жемісті жұмысының бірі – қазақ көшпенді деген евроцентристік көзқарасты жоққа шығарып, елімізде отырықшы мәдениеттің, қалалардың орта ғасырдың өзінде-ақ болғанын әлем ғалымдарына дәлелдеуі еді.

«Сауран, Жайық, Тараз, Құлан, Талғар, Иланбалық, одан басқа да көптеген қалаларды ашып, 20-дан аса монография мен 800-ге жуық  ғылыми мақала жариялады. Өмірінің соңғы жылдары үлкен еңбек атқарды. Ол еңбегі – Қазақстанның 8 қаласын ЮНЕСКО-ның тізіміне ендіруі еді. Қазақстандағы «Ұлы Жібек жолы және оның дүниежүзілік маңызы» деген үлкен мақаласы шықты. Сондықтан қазақ халқын, қазақ мәдениетін осы Карл Молдахметұлының еңбегі арқылы қазір дүниежүзі біліп отыр», – деді Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай НҰРЖАНОВ.

Карл Молдахметұлы 1966 жылы Тарих институына келгеннен бастап өмірінің соңына дейін түрлі лауазымдарда басшылық жасай жүріп, ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» сынды бірнеше ірі халықаралық экспедицияларға да жетекшілік жасады. Әлемнің 18 мемлекетінде болып, Вашингтон, Париж, Токио, Бейжің сынды танымал қалалардың төрінде ғылыми баяндамалар оқыды. Сондай-ақ ол тарихи маңызы зор, аса құнды көне қаланың бірі – Талхиздың тағдырына араша түсті. Қаланың орнына құрылыс жүргіземіз дегендерге қарсы шығып, он жылға жуық ұзақмерзімді зерттеу нәтижесінде, Талхиз қаласынан табылған жәдігерлердің сақталуына, билік бекіткен жол құрылысының басқа жерден жүргізілуіне себепкер болды.


Ғалыммен қоштасу рәсімі дүйсенбі, 26.11.2018 ж. сағат 10:00-де Алматыдағы Ғылым Академиясында болады.

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы