Қазақстанның жас композиторлары шығармашылық тоқырауға ұшырады. Әсіресе, академиялық жанрда музыка жазатын сазгерлердің талғамы тым төмендеп, жұмысы ілгері жылжымай қалған. Бұл туралы бүгін композиторлар арасында өткен байқаудың қорытындысын жариялаған қазылар алқасы қынжыла мәлімдеді.
Қазақстан сазгерлері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын Арт» байқауы өз мәресіне жетті. Конкурсқа еліміздің әр өңіріндегі сазгерлер қырықтан астам жұмысын жіберген. Талап бойынша олар классикалық әуен арқылы Тәуелсіздікті бейнелеуі тиіс болатын. Алайда, көпшілігі тақырыптан ауытқып, жазған туынды көңілге қонбаған. Жұмыстардың деңгейі төмен болғандықтан, жеңімпазды анықтау қиынға соқты дейді қазылар алқасы.
«Бұл конкурсқа 44 шығарма шықты. Өкініштісі, ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалған. Бүгінгі шығармалардың 44-інің дені қазақша емес. Әйтеуір, интернеттен, әр жерден тыңдаған шығармаларға еліктеп жасалған дүниелер. Оның үстіне, композиторлық шеберліктің деңгейі түсіп кеткен», – деді Аltyn Аrt байқауы қазылар алқасының төрағасы Балнұр ҚЫДЫРБЕК.
Соған қарамастан, қазылар алқасы туындылары өзгелерден сәл де болса озық деген үш композиторды жеңіске лайық деп тапты. Оларға 50 мың теңгеден бастап, 150 мың теңге аралығында сыйлық сертификаты берілді. Байқау жеңімпаздарының конкурсқа ұсынған жұмыстары кәсіби студияда жазылып, Қазақ академиялық музыкасының алтын қорына енгізіледі.