Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова 70 жаста.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жиналған шәкірттері, замандастары мен ізбасарлары ұстаздың құшағын гүлге, жүзін қуанышқа толтырды.
Аягүл Төреқызы Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасы ашылған күннен бастап, 25 жыл басқарған. Ұстаздың есіл еңбегін елеген Елбасы мерейтойға арнайы құттықтау хат жолдады. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ізгі тілегін білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.
«Аягүл Төреқызын балалардан өзге, қала тұрғындары да өте жақсы көреді. Сіз білім саласына ғана емес, жалпы қаланың мерекелеріне, басқа да шараларына белсенді түрде қатысып жүрсіз. Сіздің айтқан сөздеріңіз бізге үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Елбасының: «Болашақтың кілті ұстаздың қолында» сөзі бар. Шын мәнінде, көп нәрсе біздің ұстаздарымызға байланысты. Сіз Алматы қаласының құрметті азаматысыз. Сондықтан, сізбен бірге сахнада тұру мен үшін үлкен құрмет», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
«Қаладағы барлық іс-шараға, біздің бастамаларымызға өзі гүлдендіріп отырған №159 мектепті қана емес, қала мектептеріндегі өзінің әріптестерін, мектеп басшыларын, бәрін директорлар кеңесінің төрайымы ретінде жұмылдырып, атсалыса білді. Біздің сенімімізді ақтады. Сондықтан Аягүл Төреқызына айтатын алғысымыз шексіз», – деді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира ИСИМБАЕВА.