Премьер-министр қаржыны игере алмаған аймақ басшыларына ескерту жасады

16.10.2018 22:34

Үкімет игерілмеген қаржыны өңірлерден кері қайтарып, нақты ұсынысы бар басқа өңірлерге жұмсайды. Республикалық бюджеттің тоғыз айдағы игерілімін пысықтау нәтижесінде премьер-министр осындай ескерту жасады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болған Үкімет отырысында Астананы газдандыруға ақшаның қайдан алынатыны мәлім болды: ірі жобаға қомақты сома «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» жұмсалмақ.  

Қаржы министрі Әлихан Смайылов өз сөзін республикалық бюджеттің игерілуінде осалдық танытқан министрліктерді атаудан бастады. Бұл теріс көрсеткіште Мәдениет және спорт, Қорғаныс, Ұлттық экономика министрліктері және Ұлттық Қауіпсіздік комитеті алдыңғы шепте екен. Ведомство басшысы жауапты тұлғалардан жыл аяғында сол олқылықты жоюды сұрады. Облыстар да мәз емес. Аймақтар 32 миллиард теңгені өз қоржынында бостан-босқа ұстап отыр. Қаржысы игерілмеген өңірлер рейтингінде Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары көш басында. Бақытжан Сағынтаев қыркүйекте өткен отырыста министрлерді сынаса, бұл жолы аймақ басшыларына ескерту жасады.

«Тоғыз айдың нәтижесі бойынша қай әкімдік қаржыны игермеді, содан қаражаттың бәрі алынады. Алынған қаржы басқа әкімдіктер тарапынан жасалған ұсыныстарға беріледі. Қаржыны кім игеріп жатыр, соған беріледі. Кім игермеді, олардың бәрінен алынады. Жылдың соңына дейін әлі үш ай бар. Әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы осылай алынып отырады», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Өткен айдағы ескертулер ведомство басшыларына қатты әсер етсе керек. Бюджетті игеру ісі Астанада ілгерілей бастаған. Бұл туралы Әлихан Смайыловтың не дегенін тыңдайық.

«Бақытжан Әбдірұлы, 8 айдың қорытындысы бойынша өткізілген отырыстағы сіздің ескертулеріңіз өз нәтижесін берді. Бюджет қаражатын игеру көрсеткіші жақсарды. Сондай-ақ, 6,5 млрд теңге үнемдеу сомасын есептемегенде, 9 айдың қорытындысы бойынша 47 млрд теңге игерілмеді. Бұл 8 айдың көрсеткішінен 33 млрд теңгеге аз», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Дегенмен, ірі жобаларды іске асыруда Үкімет ірі қорлардың қаржысына тәуелді болып тұр. Бұл жолғы жоба «Астананы газдандыру» деп аталады. Ал «донор» қор – тағы да «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» болмақ. Аталған қордан 85 млрд теңге «АстанаГазҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамына аударылады. Жоспар бойынша «Сарыарқа» көгілдір отын магистралінің бірінші кезеңіне жалпы, 267 миллиард теңгедей қажет екен.

«267,3 млрд теңге жобаның қаржылық құрылымын белгіледі. «Астана ГАЗ КМГ» жарғылық капиталының 80,3 млрд теңге сомасын толықтыру, 102 млрд сома –банктердің қарыз қаражаттарын, 85 млрд теңге – «Астана ГАЗ КМГ» облигацияларында «Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры» зейнетақы қорының активтерін инвестициялауға жұмсалады», – деді ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.

Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау арқылы Астанаға жеткізілетін газ магистралі шығынының 53 пайызы – құбырға, 22 пайызы құрылыс жұмыстарына жұмсалады. Сондай-ақ, Үкіметте «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» сөз болды. Премьер-министр әкімдерге «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын кеңінен түсіндіруді тапсырды. Әсіресе, үй салуға дайын бірақ қаржы бөлінбейді деп қорқатын коммерциялық ұйым басшыларына тиісті соманың сақадай сай екендігін жеткізіңдер деген тапсырма берді. Ал қаңтар-қыркүйек айларындағы еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуын баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жыл басынан бері 415 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, жұмыссыздықтың 4,9 пайызға азайғанын айтты. Ал орташа айлық жалақы 158 мың теңгені құрап, нақты мәнде 1,9%-ке өскенін көрсеткен.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Алматы