Алматының 5 мұғалімі «Жылдың үздік педагогі» атанды

05.10.2018 22:35

Өзінің уақытын аямайтын, шәкірттерінің бақытын аялайтын ұстаздар марапатталды. Мұғалімдердің төл мерекесі қарсаңында еліміздің 64 ұстазы «Үздік педагог» атағына ие болды.

Кәсіби мереке қарсаңында Алматының 5 бірдей мұғалімі «Жылдың үздік педагогі» атанды. Олардың бірі балабақшада қызмет етсе, енді бірі колледжде, тағы бірі түрлі мектепте шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген жандар.    

Ержан Омарұлы мұғалім болып, шәкірттерге білім беруді бала кезінен армандаған екен. Әкесі де, аталары да мектепте ұстаздық қызмет атқарыпты. Кейін өзі де әке жолын қуып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетке түседі. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, Алматыдағы өзі оқыған білім ордасына мұғалім болып жұмысқа тұрады. Содан бері 24 жыл бойы мектепте түрлі қызметте еңбек еткен. 2 қазан күні Ержан Арын «2018 жылдың үздік педагогі» атанып, төсбелгімен марапатталды.    

«Жылдың үздік педагогі» атағын иелендім. Оған әрине, ерекше қуаныштымын. Дегенмен, оның жауапкершілігі де өте зор. Барлық облыстардан келген мұғалімдермен пікірлестік, сөйлестік. Байқауға қатысушылар арасында ауылдан, ауданнан, облыстан түрлі пәндерден, балабақшадан, кәсіптік техникалық коледждерден келген мұғалімдердің көбея түскені, марапаттау шарасының жыл сайын жүргізіліп отырғаны ерекше қуантады», – деді 2018 жылдың үздік педагогі Ержан АРЫН. 

Алматының тағы бір үздік мұғалімі – Бахтыгүл Садықова. Бахтыгүл ханымның ұстаздық етіп келе жатқанына 28 жыл болыпты, бастауыш сыныбының ұстазы. Әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаларға әліппе үйретуді жаны сүйеді екен.      

«Еңбек жолымды 90-шы жылдары Айнабұлақтағы Мағжан Жұмабаев атындағы қара шаңырақтан, іргелі мектептен бастадым. Бірден бастауыш сыныптарына сабақ бере бастадым. Сол 1990 жылдан бастап, осы уақытқа дейін бастауыш сыныптарға сабақ беріп келемін», – дейді 2018 жылдың тағы бір үздік педагогі Бахтыгүл САДЫҚОВА. 

Жалпы, биыл «Жылдың үздік педагогі» атағын Алматыдан 5 мұғалім иеленді. Олардың барлығына арнайы төсбелгі тағылып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2 миллион 405 мың теңге сыйақы табысталған. Биылғы байқауда еліміздің әр өңірінен келген 64 ұстаз марапатталды. Аталған конкурс 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы