Еліміздегі аутизммен ауыратын балалар енді доп теуіп, «Қайрат» футбол клубының базасында жаттыға алады. Қазақстанда ерекше балалар ойнайтын футбол клубы ашылды.
Алматыдағы аутизммен ауыратын балалар «Аңсау» футбол командасын құрып, осы уақытқа дейін өздерінің интернаттарында дайындалып келген. Алғашында бүлдіршіндердің ойнауға қауқары болмаған. Кейін жақсы нәтиже көрсете бастапты. Бір-біріне пас беріп, қақпаға дәл бағыттауды үйренген.
«Біздің балалар футболды жақсы ойнағаннан кейін, «Қайрат» футбол клубының жаттықтырушыларымен кездестік. Олардан көмектесулерін сұрадық. Аутизммен ауыратын балалар осындағы спортшылардың қасында өздерін еркін сезінеді. Сондықтан біз «Қайрат» футбол клубына жиі келіп, жаттығамыз. Сондай-ақ, басқа командамен кездесулеріне барып, жанкүйер боламыз», – деді «Дом» қоғамдық қорының жетекшісі Аружан САИН.
Қазір «Аңсау» инклюзивті футбол клубымен алматылық «Қайрат» футбол клубы арасында мемарандумға қол қойылды. Енді осындағы жаттықтырушылар ерекше балаларға шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар, бүлдіршіндер жас спортшылармен бірге дайындалуға мүмкіндік алды. «Ардагер» футболшылар, аутизммен ауыратын балаларды осы спорт түріне көптеп тарту керек екенін айтады.
«Бүгін «Қайрат» футбол клубы бастап отыр. Және басқа облыстардағы басқа футбол клубтары да осындай жобаға қосылса, біздің осындай балаларымыз дүниеге қайтып келгендей болар еді», – дейді Алматы қаласы «Қайрат» футбол клубы Бұқаралық спорт департаментінің басшысы Құралбек ОРДАБАЕВ.
Инклюзивті футбол клубының ашылуына келгендер де ризашылықтарын білдірді. Ата-аналар бүгінгі жаңашылдық аутизм дертіне шалдыққан балалар басқалармен бірлесіп, ойнай алмайды деген түсінікті жоққа шығарды дейді.
«– Менің ұлым осы командада ойнайды. Өте қуаныштымыз. Баламыз бір сәтке болсын серігіп қалады.
– Біздің баламыз қазір футбол ойнамайды. Бірақ үйде күнделікті жаттығу жасатып, балалармен ойнауға үйретудеміз. Алдағы уақытта осы «Аңсау» командасына кіреді деп ойлаймын.
– Балалар жаттықтырушыны жақсы көреді. Жаттығу да қызықты өтеді. Командадағы бүлдіршіндер қазір бір-біріне пас беріп, қақпаға дәл бағыттап үйренді. Осының өзі ата-аналарды қуантады», – дейді біз сөзге тартқан ата-аналар.
Инклюзивті футбол клубы қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. Мұндай клуб Испания және Түркия елдерінде бар екен. Жоба авторлары алдағы уақытта сол командалармен кездесулер ұйымдастыру жоспарда бар екенін айтты.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы