Астанада Сирия қақтығысы жайындағы келіссөздердің 11-раунды аяқталды. Бұл жолғы процеске қатысқан Ресей, Түркия мен Иран сынды кепіл елдер соғыстан ада мекен – Идлиб қаласындағы оқ атысына алаңдаушылық білдірді. Ал келесі Астана процесіндегі тараптар келіссөздері 2019 жылдың ақпанына жоспарланып отыр.
Сирия қақтығысын реттеуге Сирия үкіметі, оппозиция, Ресей, Түркия, Иран сынды кепіл елдерден бөлек, Бірікккен Ұлттар Ұйымы мен Қызыл крест өкілдері қатысты. Барлығын соғыс алаңына айналып, жағдайы нашарлаған жергілікті халық пен атыс жайы толғандырады.
«Астана процесінің кепілгер елдерінің бірлескен күш-жігері мен жауапты көз-қарасы Сирия шиеленісін зерттеу жолындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыруда көрініс табатыны сөзсіз. Оның айқын дәлелдерінің бірі – сириялық көптеген бейбіт азаматтардың құрбан болуын болдырмаған және елдегі гуманитарлық жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеген Идлиб жөніндегі уағдаластықтар», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.
Сирияның солтүстік-батыс аймағындағы Идлиб қаласының жайын Қайрат Әбдірахманов бекер айтқан жоқ. Осы жылдың 17-ші қыркүйегінде оқ атпау жөніндегі келісім бүгінде бұзылған. Бір-біріне қару кезенгендер өз райларынан әлі де қайтар емес. Кепілгер елдер ондағы түрлі топтарға террористтік уағдаластықтан шығуды сұрауда. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов екікүндік келіссөздер жайын айтты.
«Бұған дейін өткен 10 раунд осы басқосу шеңберінде Сирияға қатысты аралық келіссөздер үдерісіне қосымша серпіліс әкелетін, тараптар арасындағы сенім арттыратын, сондай-ақ қарапайым сириялықтардың өміріне оң әсер тигізетін маңызды нәтижелерге ие болуы қуантарлық жай», – деді Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.
Барлық тараптар сириялықтарға жан-жақты көмекті тоқтатпау керек деген ойда. Елдегі жағдайды реттеп, жергілікті жұрттың өмір сапасын арттыру өте маңызды деді келіссөздерге қатысқандар. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы әсіресе, әлеуметтік көмекке аса көңіл бөлді. Босқындар жайы да сөз болды.
«Батыс босқындардың өз еліне қайтуын қаламайды. Біз әркез Батыстағылар бізге немесе өз елінен амалсыздан көшкендерге көмектескісі келсе, алдымен қолданып жатқан ықпал-шараларды алып тастау керек дегенді айтып келеміз», – деді Сирия билігінің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы арнайы өкілі Башар ДЖАФАРИ.
Келесі Астана процесінің болжамды өтер уақыты да белгілі болды. Сириядағы ушыққан жағдайды тараптар реттеу үшін келер жылдың ақпанында тағы да Астанада бас қосады деп жоспарланып отыр.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана