Алматыда қыс түскенде құбыр ауыстырмақ болған компания жаңа төселген асфальтті бұзып тастады

Алматыда қыс түскенде құбыр ауыстырмақ болған компания жаңа төселген асфальтті бұзып тастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қыс түскенде «Қазтрансгаз Аймақ» компаниясы құбыр ауыстыруды бастады. Ал құбыр ауыстырылып жатқан ықшамауданның ауласын жергілікті әкімдік қазан айында ғана жөндеп біткен. Бірнеше апта өтпей жатып, компания жұмысшылары қыруар қаржыға төселген асфальттің күл-талқанын шығарған. Осыған дейін ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда жоқ деген мекеменің аяқасты әрекет жасауына не түрткі болды?    

Алматының «Орбита-2» ықшамауданының тұрғындары ауланың жөнделуін ұзақ уақыттан бері күткен. Қазан айында ғана толықтай жаңартылып, тақтайдай тегіс жол төселіпті. Дегенмен, араға апта салып «Қазтрансгаз» компаниясы мұнда газ құбырын ауыстыруды бастаған. Тұрғындар мұның неліктен қыс түскенде жасалып жатқанын түсінбей дал.

«Қазан айында ғана келіп жаңадан асфальт төседі. Жап-жақсы жасалған еді. Ойламаған жерден ауыр техника келді де, қайтадан қаза бастады. Құбырды ауыстыратын болса, асфальт төсемей тұрып жасамай ма?», – дейді Тамерлан УМАРОВ.

«Аула жөндеуден өткенде қатты қуандық. Өйткені, бұл жерде бар болғаны отырғыштар ғана болатын. Жақында балалар ойнайтын заманауи алаң пайда болды. Айналасына асфальт төселіп, жасыл-желек егіліп, көріктендірілген болатын. Ал қазір құбыр ауыстыруды бастапты. Жүруге ыңғайсыз. Біз бұлай боларын білмедік», – деп кейістік танытты тағы бір тұрғын Заур НАВРУЗОВ.

Тұрғындардан бұрын, Бостандық ауданы әкімдігі де көгілдір отын тасымалдайтын құбырдың дәл биыл ауыстырылатынан бейхабар болып шықты. Мамандардың айтуынша, ауланы күрделі жөндеуден өткізбес бұрын қаладағы барлық коммуналдық мекемелерге сұрау хат жолдаған. Олар жуық арада мұнда ешқандай құбырдың жасалмайтынын жеткізген.  

«Қазтрансгаз» акционерлік қоғамына да хат жолданған болатын. Бірақ олардың ақпаратына сәйкес, биылғы жылы аталған ықшамауданда ешқандай құрылыс монтаждау жұмыстары жоспарланбаған болатын. Осыған байланысты біз«Орбита» ықшамауданында тиісті күрделі жұмыстарды атқардық. Тұрғындар тарапынан әрине, «Жаңадан жөнделген асфальт төсемдері неліктен қазылды?» деген наразылықтар туындауда», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ӘЛІПБЕКОВ.

Бұл әрекетін компания өкілдері жоспардың күрт өзгергенімен түсіндірді. Айтуынша, газ құбырының тұрғанына 50 жылға жуықтапты. Апатты жағдай болмас үшін биыл ауыстыруды жөн деп шешкен.

«Бұл жұмыстар негізі 2019 жылға жоспарланған болатын. Үнемдеуге байланысты біз қаржыны биыл игеруді шештік. Жалпы, 4929 метр құбыр ауыстырылады. Қазіргі таңда 2800 метрге құбыр салынды. Жұмыстарды 21 қарашаға дейін бітіреміз деп отырмыз», – дейді «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ Алматы қалалық өндірістік филиалының директоры Бахтияр ІЗБАСАРОВ.

Асфальтті қопарып тастаған компания жолды енді тек көктемде ғана жөндеп бітірмек. Сондықтан қуаныштары су сепкендей басылған тұрғындардың тағы 4-5 ай шыдауына тура келеді.  


Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров