Алматы маңындағы саяжайлардың тұрғындары суға ақша төлемей келеді – «Алматы Су»

Алматы маңындағы саяжайлардың тұрғындары суға ақша төлемей келеді – «Алматы Су»
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыға жақын маңдағы саяжай кооперативтерінің тұрғындары суға мүлде ақы төлемейді.

Монополистердің мәліметінше, мыңдаған тұтынушы заңды түрде компанияның балансына өтпеген. Тіршілік нәрін тегін пайдаланып отырғандармен жұмыс келесі жылы мықтап қолға алынбақ. Бүгін осы және өзгеде мәселелер Қоғамдық кеңесте сөз болды. Өз кезегінде, «Алматы Су» мекемесі 15 мыңнан астам борышкерді коммуналдық қызметтен ажыратқан. Сот органдарына 2 мыңға жуық талап арыз жолданыпты.

Есте болса, қала прокуратурасының тексерісінен кейін суға жауапты мекеме 320 миллион теңгені халыққа қайтаруы тиіс деп шешім шығарған. Ол ақша тұтынушыларға қараша айынан бастап біртіндеп қайтарылып жатыр.

«Бір куб суды көтеру үшін 0,86 киловатт электр қуатын тұтынуымыз керек еді деп бергенбіз. Енді ішкі резервтен технологияны өзгерту салдарынан ол көрсеткіш кеміді. Яғни, 0,71 киловатт электр қуатын жұмсадық. Осының нәтижесінде, артық болған ақшаны біз Антимонополиялық комитетке көрсеттік. Оны жасырып қойған жоқпыз. 320 миллион теңге ақша артылды. Оны қайда жұмсаймыз, бізге инвестицияға жұмсауға рұқсат беріңіздер дедік. Ал прокуратура тексерісінде ол ақшаны жұмсамау керек, халыққа қайтару керек деген мәселе қойылды», – деді «Алматы Су» МКК бас директорының бірінші орынбасары Нуриддин ЖАРБОЛОВ.

Қоғамдық кеңесте шағын және орта бизнес нысандарына жаппай ақылды есептеуіш құралдарын орнату жайы да сөз болды. Мекеме өкілдері бұл жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалып жатқанын айтты. Себебі, есептеуіш құралдағы мәлімет адами факторсыз, бірден ортақ жүйеге келіп түседі. Бұл есептеуіш құралындағы көрсеткішті жалған көрсететіндердің жолын кеседі.


Новости партнеров