Мәслихат сайлауы: үміткерлер тұрғындармен кездесіп, сенбіліктер өткізді

15.10.2018 22:44

Алматы қалалық мәслихаты депутаттығынан үміткер Асхат Шілікбаев Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесін тыңдады. Кандидаттың сайлауалды платформасымен танысқан жұрт теміржол бойын қатты өсіп кеткен бұталардан тазартып, жарық шамдарын орнатуды сұрады. Сайлаушылардың бұдан өзге де ескертпелері мен сұрақтарын алдағы уақытта ескереміз деген үміткер бәрін түртіп алды.  

«Бұл аумақтың тұрғындарын негізінен қауіпсіздік мәселесі алаңдатады екен. Көшелерді жарықтандырып, бейнебақылау орнатуды сұрап жатыр. Мен барлық талап-тілектерді өзіме жазып алдым. Айта кетейін, сайлауға дейін біздің қоғамдық қабылдауымыз жұмыс істейді. Яғни, тұрғындар сол жерге де келіп, өз сұрақтарын қоя алады», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Асхат ШІЛІКБАЕВ.

Ал Түрксіб ауданының тұрғындары аллеялар санын көбейтіп, көбірек ағаш отырғызылса дейді. Халықтың бұл өтінішіне құлақ түрген Михаил Грачев кездесудің артынша-ақ өз командасымен және тұрғындармен бірге аудан аллеяларының біріне сенбілік ұйымдастырып, тал екті.

«Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың көбі, әрине, әлеуметтік бағыттағы абаттандыру, қауіпсіздік және қоқыс мәселелері. Біз осы аумақтағы мәселелердің біразымен таныстық. Қай жерде қандай проблема бар екенін білеміз. Қолымыздан келгенше тұрғындарға көмектесуді бастап та кеттік», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Михаил ГРАЧЕВ.

Түрксіб ауданы тұрғындарының назын мәслихат депутаттығынан үміткер Гүлнас Ахметова да тыңдады. Халықтың қалауы көбінесе, балалардың қамы. Сапалы білім беретін мекемелер ашылып, спорт орталықтары көбейсе деген тілек білдіруде. Тұрғындарды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырған кандидат депутат болып болып сайлансам, айтылған өтініштердің біразын орындаймын деп сендірді.  

«Жалпы, халық жеке мүддесін емес, әлеуметтік мүддені көп сұрайды. Мысалы, мектеп, балабақша, спорт кешендері, бассейн жетпейтінін, аулалардың жоқ екенін айтады. Сондықтан осы жұмысты бірлесе істеп, айтқан адамдардың мақсат-мүддесін орындауға тырысамыз», – деді Алматы қаласы мәслихат депутаттығына кандидат Гулнас АХМЕТОВА.

Айта кетсек, агитациялық кампаниялар өткен аптада жұмысын бастаған болатын. Шығып қалған 3 қалалық мәслихат депутатының бос орындарына 9 кандидат сайлауға түсуде. Оның үшеуі әйел адам. Ал сайлау 28 қазанда Түрксіб және Жетісу аудандарында орналасқан 3 округте өтеді.